Қоғам

Назарбаев қазақтарға түсініксіз "модный" сөздер туралы айтты

Мемлекет басшысы қарапайым халыққа түсініксіз сырттан енген терминдерге қатысты ойымен бөлісті
Sputnik

АСТАНА, 1 маусым — Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі заманғы "сәнді" терминдерді сол қалпы қолданбай, барынша түсінікті етіп аударуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Біз қазір жаңа терминдерді меңгеріп жатырмыз. Мәселен, коворкинг-орталықтар құрылып жатыр, қазақтарға мүлде түсініксіз сөз осы. Міндетті түрде осылай айту қажет пе? "Ко" – бірлескен, "воркинг" – жұмыс. "Бірлескен жұмыс" деп неге айтпайсыңдар? Барлығы міндетті түрде "сәнді", әдемі болуы керек, әсіресе жастар әуес осыған. Бірақ біздің жасаған дүниеміздің барлығы халыққа түсінікті болуы керек", — деді Назарбаев "Нұр Отан" партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында. 

Ол өңірлерге жасаған сапары кезінде, Алматы мен Оралдағы коворкинг-орталықтардың жұмысымен танысқанын атап өтті.

Назарбаев: ОҚО-да еден жуушы болып жұмысқа тұру үшін пара беру керек

"Бұл жұмыстың ашықтығы – барлығы бір жерге жиналып, оқиды, бірлесіп ІТ өнім шығарады", — деді президент. 

Астанада "Нұр Отан" партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Отырыста мемлекет басшысының 2017 жылдың 3 қарашасында партия саяси кеңесінің отырысында берген тапсырмаларын іске асыру барысы және президенттің бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуын қадағалайтын қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мәселелері қаралады.