АСТАНА, 29 мамыр – Sputnik.Қазақстан сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейі бойынша мемлекеттер индексінде өз ұстанымын жақсартты. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен брифингте ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ету жөніндегі департаменті басшысының орынбасарының м.а. Роман Ким айтты, деп хабарлады Елорда Инфо.
Жемқорлықты қабылдау индексін жыл сайын әлемдік сыбайлас жемқорлықты зерттеу саласындағы ең беделді болып қалыптасқан Transparency international ұйымы жасайды.
"Қазақстан 2017 жылы сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейі бойынша мемлекеттер индексінде 122 орынды иеленді. Біз өз ұстанымымызды 9 көрсеткішке жақсарттық. 1999 жылдан бастап осы индекске қатысқалы бері Қазақстан 31 балл алды. Яғни, біз жемқорлық деңгейі жоғары мемлекеттер қатарынан шықтық", — деді Роман Ким.
Оның сөзінше, әлем бойынша жемқорлықты тарату үрдісіне жасалған талдау көрсеткендей, соңғы 5 жылда табысы төмен елдерде сыбайлас жемқорлық деңгейі едәуір азайған. Оны Мьянма, Пәкістан, Индонезия, Албания, Парагвай, Лаос сынды мемлекеттерден көруге болады. Сондай-ақ Испания, Австралия, Оңтүстік Корея сынды мемлекеттерде жемқорлықты қабылдау индексінің төмендегені байқалды.
"Бұл ол елдерде сыбайлас жемқорлық деңгейінің артқанын көрсетеді. Аталған факт экономикасы дамыған мемлекеттердің өз елдеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы климатты сақтауға күш салып және ұстап тұру мақсатында жұмыс істеу қажеттігін көрсетеді", — деді ол.
Айта кетейік, посткеңестік мемлекеттерде 2017 жылы ең төменгі жемқорлық деңгейін Эстония, Латвия, Литва және Грузия көрсетіп отыр.
"Соңғы 10 жылда Грузия өз көрсетішін 84 ұстанымға жақсартып, рейтингте көтерілді. Пост кеңестік мемлекеттерде жақсарғанымен, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Украина және Әзербайжан сынды мемлекеттерде сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары болып отыр", — деді Ким.