АСТАНА, 28 мамыр — Sputnik. Пекин Вашингтоннан суверенитет нормаларын бұзатын және Қытайдың ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін арандатушылық әрекеттерді тоқтатуды сұрайды, деп мәлімдеді ҚХР СІМ ресми өкілі Лу Кан, деп хабарлайды РИА Новости.
Бұдан бұрын Қытай қорғаныс министрлігі хабарлағандай, USS Higgins эсминеці мен USS Antietam зымыранмен қаруланған крейсері жексенбі күні Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулы Парасель аралдарынан 12 миль қашықтыққа өткен.
"Қытай осы әрекеттерге байланысты америкалық тарапқа қатаң наразылығын білдіреді. Біз америкалық тараптан суверенитет нормаларын бұзып, Қытай ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін мұндай арандату әрекетттерді тоқтатуды талап етеміз", — делінген Лу Канның мәлімдемесінде.
Қытайдың сыртқы саясат ведомствосының өкілі атап өткендей, ҚХР өзінің егемендігі мен қауіпсіздігін қорғауда тиісті шараларды атқаруды жалғастыратын болады.