Қоғам

АҚШ: газ құбыры туралы жемқорлық іске қазақстандық шенеуніктің қатысы бар

АҚШ әділет министрлігі шетелдік шенеуніктерге пара беру үшін ақшаны жымқыру қылмыстық схемасын анықтады
Sputnik

АСТАНА, 25 мамыр – Sputnik. Қазақстаннан Қытайға дейін газ құбырын салу бойынша жемқорлық іске кем дегенде бір қазақстандық шенеуніктің қатысы бар болуы мүмкін.

АҚШ Қазақстандағы газ құбырын салу кезінде ақша жылыстату ісін тергеп жатыр

Бұдан бұрын белгілі болғандай, 50 жастағы Ресей азаматы Виталий Лешков шетелдік шенеуніктерге пара беру үшін ақшаны жымқыру қылмыстық схемасына қатысқан. Пара Огайо штатындағы Rolls-Royce компаниясының құрылғыны жеткізу бойынша келісімге қатысуын қамтамасыз ету мақсатында берілген. Ресейліктен бөлек бұл іс бойынша 62 жастағы Армения азаматы Азат Мартиросян мен 70 жастағы Грекия азаматы Петрос Контогурис айыпталды. Үш айыпталушы да АҚШ аумағынан тысқары тұрады.

АҚШ әділет министрлігі сайтында "Арменияның бұрынғы елшісі мен Ресей азаматы пара беріп, ақша жылыстатқаны үшін айыпталды" деген тақырыппен мәлімдеме жарияланды. Іске бірнеше компанияның қатысы бар екен:

— Rolls-Royce Energy Systems Inc 

— Asia Gas Pipeline LLP (AGP)

— Айыпталушы Мартиросян мен Лешков жұмыс істеген Technical Advisor компаниясы

— Айыпталушы  Контогуристың Gravitas & CIE компаниясы.

Айыптауларға сәйкес, Контогурис ойлап тапқан схема бойынша Rolls-Royce компаниясы Technical Advisor қызметкерлері мен Қазақстанның бір шенеунігіне пара берген. Бұл қаражат Контогуристің Gravitas компаниясына Asia Gas Pipeline-мен келісім жасасуға көмектескені үшін төленген комиссия деп жымқырылған.