АСТАНА, 24 мамыр – Sputnik. Биыл Астанада 5870 оқушы мектеп қабырғасынан түлеп ұшпақ. Олардың 90%-ы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты білім басқармасына сілтеме жасап.
"11 сыныпты тәмамдайтын оқушылардың дені – № 48 бен № 75 мектептерде. Әрқайсысында 164 түлектен бар, ал № 64 мектепті 160 оқушы аяқтамақ. Айта кетсек, қалалықтардың сұрауы бойынша мектептерде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шарлар ұшырылмайтын болды", — делінген сайттағы хабарламада.
Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, 5329 оқушы (90,7 %) ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірген. Олардың 3293-і сынақты – қазақ тілінде, 2030-ы –орыс тілінде және алтауы (3 түлек – Спектрум мектебі, № 8, № 4 және № 77 мектептерінің түлектері) ағылшын тілінде тапсырады. Елорда түлектерінің 277-сі "Алтын белгіден", 318-і ерекше үлгілі аттестаттан үмітті.
Айта кетсек, ҰБТ 3 университеттің базасында ұйымдастырылады:
— Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті;
— С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті;
— Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті
Астанада ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Өткізу уақыты: сағат 9.00-ден 12.30-ға дейін. Аттестаттарды тапсыру салтанаты барлық мектепте 15 маусымға жоспарланған. "Алтын белгі" иегерлеріне құрмет көрсету мақсатында өтетін "Елорда мақтанышы" кеші маусымның соңына белгіленді.