Қоғам

Синоптиктер: ертең елімізде бұршақ жауып, дауыл соғады

Алдағы бір-екі күнде республиканың бірқатар облысында ауа райы бұзылады
Sputnik

АСТАНА, 24 мамыр – Sputnik. "Қазгидромет" РМК 25 мамырдағы ауа райына болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

Синоптиктердің болжамынша, Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райы жауын-шашынсыз болады. Солтүстікте, шығыста және орталықта атмосфералық ағымдардың өтуінен жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді, шаңды дауыл көтеріледі. Кей жерлерде бұршақ түседі деп болжанып отыр. 

"Қазгидромет" синоптигі мамырда ауа райы қандай болатынын айтты

Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарында желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшейеді, дауыл болады, бұршақ жаууы мүмкін. Шығыс Қазақстан, Павлодар, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында, күндіз Қарағанды, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының кейбір аудандарында жел 15-23 м/с дейін күшейеді. Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында шаңды дауыл көтеріледі. 

Ал күндіз Ақтөбе облысының кей аумағында аптап ыстық болады деп болжануда. 

Түнде Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында 3 градусқа дейін үсік жүреді. 

Сондай-ақ, Қазгидромет бірқатар өңірде ауа райының бұзылуына байланысты дауылды ескерту жариялады. 

25 мамырда Ақмола облысының кей жерлерінде онтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, дауыл болады деп болжануда. 

Астанада найзағай ойнайды, онтүстік-батыстан және батыстан жел екпіні 15-20 м/с жел соғады, бұршақ жаууы мүмкін.

Қостанай облысында – найзағай, дауыл, бұршақ, желдің жылдамдығы 17-22 м/с. 

25-26 мамырда Қызылорда облысының кейбір аудандарында шығыстан, оңтүстік-шығыстан жылдамдығы 15-20 м/с дейін баратын жел соғады.