АСТАНА, 23 мамыр — Sputnik. Екі апта бұрын 16 жастағы Щучинск тұрғыны жоғалып кетті, полиция Ақмола облысында іздеу шараларын жүргізіп жатыр.
Бурабай АІІБ-не 21 мамырда Щучинск тұрғыны хабарласып, 2001 жылы туған қызы, туризм және сервис колледжінің студенті Карина Каппасованың жоғалып кеткені туралы арыз берген.
"Отбасы түгел, ауқатты, өзге балалары бар, бойжеткен 9 мамырда үйінен кетіп, қайта оралмаған, жолдорбасын ала кетіпті, — деп мәлімет берді полиция. — Полицияның арнайы топтары, жалпы халық пен еріктілер қызды іздеп жатыр".
Білім беру мекемесі хабарлағандай, Карина 9 мамырдан бері сабаққа келмеген. Курстастары мен оқытушыларынан жауап алынды. Болжам бойынша, жолшыбай көлікке мініп Көкшетауға кетіп қалған.
Бойжеткен бұрын да үйінен кетіп қалған көрінеді, ол кезде тез тауып, қайтарыпты. Бұл жолы қызы әлеуметтік желілерден де көрінбей кеткен соң анасы полицияға хабар берген.