Қоғам

Астанада дүлей дауылдан қанша шығын келгені белгілі болды

Аяқ асты соққан дауыл тұрғын үйлерді қиратып, әлеуметтік нысандарға зардабын тигізді
Sputnik

АСТАНА, 23 мамыр — Sputnik. Астанада аяқ асты соққан дүлей дауыл, бастапқы болжам бойынша, қала тұрғындарына 235 миллион теңге шығын келтірді.

Тұрғындар Астанадағы дауылдың суреті мен видеосын жариялап жатыр

Қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент атап өткендей, 22 мамыр күнгі қолайсыз ауа райы табиғи сипаттағы төтенше жағдай деп бағаланған. Ұйытқыған қатты жел, бұршақ пен нөсер жауын төтенше жағдайлар департаменті үшін күтпеген жайт болып, тиісті қызметтер дайын болмай, қала тұрғындарына да ескертілмеді.

"Қолайсыз ауа райы туралы "Қазгидромет" РМК-ден Астана ТЖ жөніндегі департаментіне дабылды ескертулер келген жоқ", — деп хабарлады ТЖД ескертулер бөлімінің басшысы Еркін Отарғалымұлы.

Дауыл 13:15 — 13:20 аралығында соғып, табиғи құбылыс салдары туралы 875 адамнан хабар түскен.

"Дауыл салдарынан он адам зардап шекті, ешқайсысы ауруханаға жатқызылған жоқ. 24 көппәтерлі тұрғын үй кешені, 23 әлеуметтік нысан, оның ішінде 13 балабақшаға зиян келді. 16 көлікке зақым келген. Бастапқы деректер бойынша, жалпы шығын көлемі 235 миллион теңге", — деп хабарлады Отарғалымұлы.