Қоғам

"Актер болуды армандаған емеспін". Самал Еслямова қазақстандық журналистермен кездесті

Қазақ қызы режиссер Сергей Дворцевойдың "Айка" фильмінде басты рөлді сомдап, 71-ші Канн фестивалінде ең үздік әйел рөлі номинациясын иеленген еді
Sputnik

АСТАНА, 22 мамыр – Sputnik, Нұргүл Абай. 71-ші Канн фестивалінде ең үздік әйел рөлі номинациясын жеңіп алған қазақ қызы Самал Еслямова елордаға келіп, журналистермен сұқбаттасты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Самал Еслямованың жетпістегі әкесі: Қызым атқа мініп, мал бағып өсті

Режиссер Сергей Дворцевойдың "Айка" фильміндегі рөлі үшін биылғы Канн фестивалінде номинация жеңіп алған Самал Еслямова Астанаға қонаққа келді. БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Самал ең алдымен барша қазақстандыққа алғыс айтып, журналситерді мазалаған сұрақтарға жауап берді. 

"Еліме, халқыма ризашылығымды білдіремін. Бірнеше күннен бері толассыз құттықтаулар түсіп жатыр. Халқымның ықыласын сезіп жатырмын, мыда бір рахмет", — деді Самал Еслямова. 

"Қазақ мектебіне барамын деп бой бермедім" 

"Мен өзім Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында тудым. 11 жыл бойы қазақ мектебінде білім алдым. Анам орыс тілді болғандықтан, мені орыс мектебіне бергісі келді. Бірақ мен алты жаста болсам да, қазақ мектебіне барамын деп бой бермедім. Әкем "өзім көмектесемін, қазақ мектебіне бара берсін" деді. Мектепті тәмамдаған соң Петропавлдағы өнер колледжіне оқуға түстім. Оқып жүріп, қазақ театрында қосымша жұмыс істедім. Кейін Сергей Дворцевойдің алғашқы кастингі болды. Осылайша, жұмыс істеп жүріп, "Тюльпан" көркем фильміне түсе бастадым. Колледжен кейін Мәскеудегі өнер университетіне оқуға түстім. Оқуды аяқтаған соң, Сергей Владимирович мені екінші картинасына (Айка фильмі – автор ескертп.) шақырды". 

"Фильмнің соңғы эпизоды мені қатты тебірентті"

Канн фестивалінде үздік актриса атанған Самал Еслямова туралы не білеміз?
 

"Ең қатты тебіренткені – соңғы эпизод. "Айка" картинасында менің кейіпкерім жаңа туған сәбиін тастап кетеді, кейін аналық сезімі оянып, баланы өзінде қалдырғысы келеді. Менің әзірге отбасым, балаларым жоқ, сондықтан бұл фильмде ананың рөлін сомдау оңай болмады". 

"Ешқашан актер болуды армандаған емеспін"

"Мен ешқашан актер болуды армандаған емеспін, арманым – журналист болу еді. Алайда, бәлкім бұйрық шығар. Өнер колледжіне түскеннен кейін бұл кәсіп маған қатты ұнап қалды. Сондықтан да болашақта тек қызықты рөлдерді сомдасам деген арманым бар"

"Адамдармен әлеуметтік желіде емес, жүзбе-жүз сөйлескенді ұнатамын"

"Әлеуметтік желіні ұнатпаймын, себебі жақын адамдарыммен жүзбе-жүз кездесіп, сөйлескенді қалаймын. Инстаграмға ешқашан тіркелген емеспін  ешқашан, тек фейсбукте ғана бармын".

Самал Еслямова БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында

Сүйікті фильмі

"Развод Надера и Симин" атты ирандық фильм қатты ұнайды.  Менің де әр рөлін сүйіп тамашалайтын сүйікті актерлерім бар. 

"Айкада" ашық-шашық кадрлар жоқ 

"Әрине, мен қазақ қызымын. Өзім де ашық-шашық киініп жүретін фильмдерді ұнатпаймын. Алайда егер фильмнің шынайы шыққанын қаласаң, образды алып шығу керек болса, шектен шықпай ойнап шығуың керек".