Қоғам

Ішкі істер министрі Сағынтаевқа мұңын шақты

Қалмұханбет Қасымов жыл сайын елімізде орман және дала өртінің саны артып бара жатқанын айтты
Sputnik

АСТАНА, 22 мамыр – Sputnik. Ішкі істері министрі Қалмұханбет Қасымов премьер-министрге су тасқынымен күреске қажетті техникаларды сатып алуға бөлінбек болған 2 миллиард теңгені әлі ала алмай жүргенін айтып шағымданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сағынтаев қымбат көлік мінетін әкімдерге шүйлікті

Бүгін үкімет отырысында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов орман және дала өртінің алдын алуға даярлық барысы бойынша баяндама жасады. Министр өткен жылдармен салыстырғанда, орманды және далалы жерлерде тілсіз жау саны артқанын мәлімдеді. 

"Орман және дала өрттерi – қазiргi таңда кең таралған проблема. Жыл сайын олардың саны артып барады. Мәселен, 2016 жылмен салыстырсақ, өткен жылы орман қорында өрт 2 есе көп тiркелген. Өртенген аумақ 5 есеге артып, материалдық шығын 7 есеге дейiн өскен. Дала массивiндегi өрттiң де саны артқаны белгiлi. Олардың жалпы аумағы 850 мың гектарға жетiп отыр. Биыл өрт қаупi жоғары. Жыл басынан бері 45 орман және 4 дала өрті тіркелді. Өртенген жердің жалпы аумағы 10 мың гектардан асты. Ал материалдық залал 4,4 млн теңгеге жетіп отыр", — деді Қасымов.

Сонымен қатар, ІІМ басшысының баяндамасына сүйенсек, соңғы бес жылда елдегі орман-дала алқаптарында 20 мыңнан астам табиғи өрт болған. 

"Материалдық залал 600 миллон теңгеден, ал қызыл жалын шарпыған аумақ 1,8 миллон гектардан асты. Бұдан бөлек осы уақыт аралығында орман және дала өртінен 20 адам қаза тапты, 2300 бас мал жанып кетті. Өрт, сондай-ақ,  егіс алқаптарын да жоюда. Былтыр бидай мен арпа егілген 140 га астам алқап өртеніп кетті. Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, қабылданып отырған шараларға қарамастан, аймақтар қауіпті өрт кезеңіне толық дайын емес", — деп күйінді министр. 

Қасымов орман және дала өртіне қатысты баяндамасын аяқтаған соң, үкімет басшысы министрден өрттің не себепті көбейіп кеткенін сұрады.

Қостанай облысындағы орман өрті ауыздықталды

"Негізгі себеп – адамдардың өрт қауіпсізідігін сақтамауынан… Яғни адам факторынан", — деп қинала жауап берді министр қазақша қойылған сұрақты әрең түсініп. 

Сағынтаев су тасқынына қарсы шаралар жүргізу кезінде материалдық-техникалық базаға ақша жетпей отырғаны туралы айтылғанын еске салды.  

"Баяндамаңызда материалдық-техникалық базаға тоқталдыңыз. Өткенде біз су тасқыны мәселесін қараған кезде, кім қаржыландырады деген сөз болған: жергілікті органдар ма әлде орталықтан ба? Ал бұл жерде кім?", — деді премьер-министр.

ІІМ басшысы "ауыл шаруашылығы министрлігі және орман күзеті мекемелері", — деп қысқа қайыра салып, Сағынтаевқа "мұңын шаға" жөнелді.

"Мына сұрағыңызға рақмет! Өткенде сіз 2 миллиард теңге (су тасқынымен күрес үшін техника сатып алуға) ақша береді деп едіңіз. Бірақ біз бүгінге дейін ала алмаймыз жүрміз оны. Дала өрті де болып жатыр, біз тағы ақша сұраймыз, бірақ жыл соңына дейін бәрібір бермейді", — деп шағымданды Қасымов премьерге.

Қасымов Астана ІІД үшін неге бес жұлдызды қонақ үй таңдалғанын айтты

"Бақыт Тұрлыханұлы (Сұлтанов, қаржы министрі – автор ескертп), орман және дала өрттеріне қаржы қайдан бөлінеді? Орталық және жергілікті жерлерден бе?", — деп сұрады Сағынтаев. 

Сұлтановтың айтуынша, қаражат екі бюджеттен де қарастырылған. 

"Орман қорының 22, 9 пайызы, яғни 6,8 миллион гектар бізге тиесілі. Онда норма бойынша 268 техника болу керек, ал қазір 244 техника бар. Техниканың көбі – ескі. Жалпы комитетті қаржыландыру мәселесін шешу керек деп ойлаймын. Өткенде біз 2 млрд теңгеге өтінім бергенде, қарамай тастады. Келесі жолы бюджетті нақтылағанда мұны жақсылап қарап, шешіп алу керек", — деді үкімет басшысының орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев.