Экономика

Төртінші мұнай өңдеу зауытының қайда салынатыны күзде белгілі болады

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен жұмыс тобы құрылды
Sputnik

АСТАНА, 21 мамыр — Sputnik. Төртінші мұнай өңдеу зауытының қайда салынатыны екінші жартыжылдықта белгілі болады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Ең қымбат бензин – Қазақстанда" дейтіндерге Бозымбаев жауап берді

Министр жаңа мұнай өңдеу зауытының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылғанын атап өтті. 

"Жаңа мұнай өңдеу зауытын салу маңызды міндет болып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылды, оған мен жетекшілік етемін. Жұмыс тобы техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлейді. Екінші жартыжылдықта, күзге қарай біз зауыттың қайда салынатыны, қуаты қандай және инвестиция көлемі қандай болатыны, қандай өнімдер шығарылатыны туралы жауап беруге дайын боламыз", — деді Бозымбаев  бүгін мәжілісте  "Қазақстанның мұнай-газ секторын дамыту" тақырыбында өтіп жатқан үкімет сағатында. 

Айта кетейік, бүгінде Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау аяқталды. Ал Шымкент зауытындағы жұмыс  2018 жылы бітеді. 

Қазіргі уақытта отандық нарық өзіміздің бензинмен 90%, дизель отынымен 90%, әуе керосинімен 58%-ға қамтамасыз етілген. 

Министр таяуда нарықты толығымен отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз ететінімізді айтты.