АСТАНА, 18 мамыр – Sputnik. Елордада мектеп мұғалімдері арасында "Үздік педагог – 2018" қалалық байқауы аяқталды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен байқаудың мақсаты – рухани-адамгершілік, ғылыми-әдістемелік және ақпараттық мәдениеті жоғары шығармашыл мамандарды анықтау.
Байқау таныстыру, бейне-сабақтар, ақырғы сайыс сияқты үш кезеңнен тұрады. Іріктеу кезеңіне 51 қатысушының сегізі өткен болатын.
Сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, ақшалай сыйақылармен марапатталды.
Таласты тартыста 15 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Меруерт Қабиева ІІІ орынға, № 68 орта мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Қуаныш Қаласова ІІ орынға ие болды. № 68 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жанар Сабанбаева І орын иегері атанса, № 9 Зерде мектебінің математика пәнінің мұғалімі Тердікбай Күшай топ жарып, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Ақшалай сыйақылар "Әдіскер мұғалім", "Жаңашыл мұғалім", "Шығармашыл мұғалім" және "Эрудит мұғалім" аталымдарында үздік деп танылған №15 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Амангүл Қазбековаға, № 22мектеп-гимназияның математика пәнінің мұғалімі Ляззат Ибраеваға, № 50 мектеп-лицейдің география пәнінің мұғалімі Сәуле Болатбаеваға, № 16 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Зауреш Жакуповаға табысталды.
Екінші сырттай турда ең жоғары ұпай жинаған 9 мұғалім де ынталандыру сыйлығынсыз қалған жоқ. Оларға Білім беруді жаңғырту орталығының сертификаттары тапсырылды.
Айта кетейік, қалалық кезеңнің іріктеу сынына қатысқан мұғалімдер тамыз-қыркүйек айларында өтетін "Үздік педагог – 2018" республикалық байқауында өз бақтарын сынайтын болады.