АСТАНА, 17 мамыр — Sputnik. Астана экономикалық форумы аясында Иран мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында еркін сауда аймағын құру туралы уақытша келісімге қол қойылды.
"Уақытша келісімде даулы мәселелерді шешудің тиімді механизмі қарастырылған, оның ішінде арбитраж да бар. Арбитрлерді тараптар анықтап, арбитраждың қайда өтетіні туралы келіседі. Сонымен қатар, тараптардың жоғары лауазымды тұлғалары деңгейінде бірлескен комитет құрылады әрі бизнес-диалог құру да қарастырылған", — деді Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) коллегиясының төрағасы Тигран Саркисян, деп жазады РИА Новости.
Оның сөзіне сүйенсек, уақытша келісім үш жылға жасалды, осы уақыт ішінде тараптар еркін сауда аймағы бойынша толыққанды келісім жасасу үшін мәмілеге келуі тиіс.
Астанада бейсенбі күні қабылданған құжат бірқатар тауар бойынша кедендік баж салығының төмендеуін немесе мүлдем алынып тасталуын қарастырады. Келісімді жүзеге асыру өзара сауда көлемін айтарлықтай арттырмақ.