Өңірлер

Павлодарда 200 үйді жер асты суы басып кетті

Су алып кеткен ауданның тұрғындары облыстық әкімдікке арыз жазып, Елбасыдан көмек сұрап видеоүндеу жолдады
Sputnik

АСТАНА, 17 мамыр — Sputnik. Второй  Павлодар шағын ауданының жеке секторында 200-дей үйді жер асты суы басып кетті.

Су басу мәселесі осымен екінші жыл жалғасып жатыр. Алтайская, Якутская, Таллинская, Целинная, Днепропетровская көшелерінің тұрғындары бұған жергілікті билік өкілдерін айыптайды, олар бірнеше жыл бұрын дренаж станцияларын бұзған екен.

"Баяғыда бұл жерде көл болған, — деп әңгімелейді үйі суға кеткен тұрғындардың бірі. – үйіміз ойпаң жерде орналасқандықтан, бұрын су алып кетті дейтін проблема болмайтын. Осы жерде тұрып жатқанымызға 20 жыл болды. Су алып кету 2016 жылы ғана басталды. Сорғылар тәулік бойы істеп, суды сорып алатын. Енді станциялардың бірі болған учаскеде жаңа екі коттедж пайда болды. Оларды су баспайды, себебі биігірек орналасқан".

Жеке сектордың тұрғындары қойған сауалға "Павлодар-Су арнасы" ЖШС жауап бергендей, сорғыштар жер асты суын емес, шаруашылық қалдықтарын сорған екен, қажеті болмаған соң 2009 жылы бұзылыпты.

Шығыс Қазақстанда су алып кеткен ауылдардың көрінісі – биіктен түсірілген кадрлар

Алайда су алып жатқан аудан тұрғындары бұған сенбейді, әртүрлі инстанцияларға шағым түсіріп жүр. Осы аптада олар облыстық әкімдікке арыз беріп, ешқандай жауабы болмаған соң, Елбасыдан көмек сұрап видеоүндеу жасады.

"Кеше рұқсат етілмеген митинг болды — Второй Павлодар мен Зеленстрой суға кетіп жатыр. Былтыр дренаж жүйесін жобалау үшін ақша бөлгенбіз. Жобалаушы компания ештеңе істей алмады. Екінші бағыт бойынша, ТКШ бөлімі арқылы былтыр Второй Павлодар ауданындағы техникалық колледж маңында дренаж жүйесін салуды бастадық, сол жердегі учаскеге дренаж құбырларын орнатып, канализациялық жүйеге қосқанбыз, бірақ құбыр кішкентай болғандықтан, шамасы жетпеді", — деп мәлімдеді қала басшысы Нұржан Әшімбетов әкімдіктің сессиясында.

Әкімнің сөзіне сүйенсек, биыл жер асты суын зерттеу үшін "Павлодаргидрогеология" ЖШС мамандары жұмылдырылып жатыр. Гидрогеологтар тік құбырлар мен сорғыштарды орнатуға кеңес беріпті.

"Бәлкім пайдаға асатын шығар. Адамдар канализациялық жүйе жасауды сұрап жатыр, бірақ ол қымбат әрі көп уақытты алады. Гидрогеологтардың айтуынша, қала құрылысы барысында жер асты суының жолы бітеліп қалған. Бұрын жан-жаққа аға беретін. Қазір барлық жерді қазып, құрылыс салып тастағандықтан, бәрі тұйықталып қалды. Жалғыз жолы – суды сорып, айдап шығару", — деп хабарлады Павлодар әкімі.