Өңірлер

Сәуірде 49 күн бар: Көкшетау тұрғындарын түбіртектегі мәлімет таңғалдырды

Жылумен қамтамасыз ету компаниясы түсіндіргендей, есептеулерде ағаттық жіберілген жоқ, өйткені күнтізбедегі ай емес, есеп мерзімі ескеріледі
Sputnik

АСТАНА, 16 мамыр — Sputnik. Көкшетау тұрғындарына сәуірдегі жылыту үшін  келген түбіртекте "Көкшетау жылу" компаниясы 49-шы және 51-ші күндер үшін төлем есептеген.

"Мамыр айындағы мерекелерге байланысты түбіртек кешігіп келді. Ең қызығы, сәуір айында 30 күн бар, ал бізге 35 күнге есептеп беріпті. Тариф айтарлықтай өсіп кетті", — деп жазады тұтынушылардың бірі әлеуметтік желіде.

Астанада жылыту маусымы аяқталды

Көкшетау қаласының әр аудандарында тұратын адамдар мекенжайларын айтып, қанша күнге төлем есептелгенін жарыса жазып жатыр.

"Бұл  мекеменің өз күнтізбесі бар сияқты: ақпанда 31 күн болды, ал сәуірде — 49", — дейді Көкшетау тұрғыны.

"Бізде де 49 күн деп жазылған, олармен сөз таластыру бос әуре. Көптеген күн ескерілмеген деп мойындатпайды: "Қазан айында бірінші күннен емес, он бесінші күннен бастап есептедік" дейді", — деді қала тұрғындарының бірі Лейла Төрежанова.

"Көкшетау жылу" компаниясы бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Компания басшылығының сөзіне сүйенсек, бар мәселе есеп мерзімінде екен. Әр ай сайын жылу есептеуішінен  көрсеткіштер әр күні жазылып алынады. Нәтижесінде түбіртекте 35-49 күн бойынша есеп көрсетіледі.

Сәуір айы үшін жылу көрсеткіші 13 наурыздан бастап, 30 сәуірге дейін есептелген, сонда 49 күн шығады. 

Қалай болғанда да, компания кеңес бергендей, жылыту маусымы 218 күннен тұратындықтан, тұрғындар түбіртектердің бәрін қарап, күндерді санап шығуы тиіс, сонда бәрі түсінікті болады.