АСТАНА, 15 мамыр — Sputnik. Алматыда өрт сөндіру көлігі жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп хабарлады құқық қорғау органдары Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Оқиға Саин көшесінде Жұбанов көшесіне жақын жерде болған. Куәгерлердің сөзіне сүйенсек, өрт сөндіру көлігі Саин бойымен солтүстік бағытта бара жатқанда, алдында Toyota Rav4 келе жатады.
Сол кезде бағдаршамсыз жаяу жүргіншілер өткелінен әйел адам жолды кесіп өте бастаған. Кроссовер әйелді өткізіп жіберу үшін тоқтайды, ал өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіні соңғы сәтте ғана байқаған.
Ол кроссоверге соғылмас үшін рөлді шұғыл солға бұрады, ал Toyota жүргізушісі арт жақтан жүйткіп келе жатқан көлікті көріп, тез оңға бұрылады.
Салдарынан өрт сөндіру көлігі әйел адамды қағып, металл қоршауға соғылды.
1957 жылы туған әйел ауыр хәлде ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнында полицейлер жұмыс істеп жатыр.