АСТАНА, 15 мамыр – Sputnik. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде "RESMIHAT.KZ" онлайн-порталы мен "Qazaq Latyn Keyboard" пернетақтасының тұсауы кесілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында әзірленген қазақша "Qazaq Latyn Keyboard" пернетақтасын таныстырды.
"Пернетақта әмбебап, смартфондар мен планшеттерге арналған. Мобильді қосымшада жаңа латын әліпбиімен жазуға болады. Біздің пернетақтаның ерекшелігі – сөздерді кириллицамен тергенде, автоматты түрде латын қарпімен шығарады. Қосымшаны бір ай ішінде 5 мыңдай адам жүктеп алды. Күн сайын қолданушылардан ұсыныстар түсуде. Болашақта жобаны біз одан әрі жетілдіреміз", — деді Шәуеев.
Оның айтуынша, пернетақтаны әзірлеуге бір миллион теңгедей жұмсалған. Қосымша үш ай ішінде жасалды, оны App Store және Android-та жүктеп алуға болады.
Баспасөз мәслихатында таныстырылған екінші жоба – "RESMIHAT.KZ онлайн-порталы.
"Порталды бүгін іске қосып отырмыз. Интернет ресурсты іске қосу үшін отандық лингвистер, ғалымдар, бағдарламашылар біраз тер төкті. Бұл порталдан кез келген адам іс қағаздарын қазақ тілінде әзірлеуді үйренеді. Порталды жасау үшін бір жарым жыл уақыт кетті. Себебі, ең әуелі оған жүктелетін қажетті материалдарды дайындап алу қажет болды. Біз президент әкімшілігіне, түрлі министрліктерге, ұлттық компанияларға ресми хат жолдадық, олардан қазақ және орыс тілдерінде материалдар сұрадық. Өкінішке қарай, ешкім берген жоқ. Сөйтіп өз күшімізбен күні-түні отырып, кітаптардан көшіріп, жазып шықтық", — деді Шәуеев.
"RESMIHAT.KZ" онлайн-порталын әзірлеуге "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолдау көрсеткен.
"Порталды әзірлеуге 6 миллион 200 мың теңге жұмсалды", — деді қордың ресми өкілі, басқарушы директоры Лима Диас.
"RESMIHAT.KZ" ақпараттық-анықтамалық порталының мақсаты – мемлекеттік басқару, әкімшілік-аумақтық басқару жүйелері мен қоғамның түрлі қызмет салаларындағы мамандарды іс-қағаздарын қазақ тілінде әзірлеуге үйрету-дағдыландыру.