Өңірлер

Денсаулық сақтау министрлігі ақтөбелік науқастарға қатысты жайтты бақылауға алды

Дәрігерлер көмектескеннен кейін екі науқастың жағдайы күрт нашарлап кеткен
Sputnik

АСТАНА, 15 мамыр — Sputnik. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Ақтөбеде жас босанып, комаға түскен әйел мен алты айлық сәбидің жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ведомство баспасөз қызметі.

Қарағандыда 2 баланы өлтіріп алған дәрігердің ісіне қатысты жаңа дерек шықты

Бұл науқастарға қатысты оқиғаны Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитеті бақылауына алған екен.

"Қазір осы екі оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр: ата-анасының рұқсатынсыз алты айлық балаға пункция жасау және жас босанған әйелдің комаға түсуі", — делінген хабарламада.

Ақтөбе облысы бойынша комитет департаменті тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрмақ. Науқастардың жағдайы тұрақты бақылауда болады, деп сендірді ведомство.

Бұдан бұрын БАҚ-та пайда болған мәліметке сәйкес, дәрігерлер алты айлық сәбиге ата-анасының жазбаша рұқсатынсыз пункция жасаған. Анасының айтуынша, бала қазір 11 айлық, сол процедурадан кейін өз бетімен отырып, тұра алмайды. Ал дәрігерлер оған пункция емес, инфекция әсер еткен болуы мүмкін дейді. Балаға шұғыл арада пункция жасау керек болғандықтан, анасы ауызша рұқсат беріпті.

БАҚ көздерінде таралған тағы бір оқиға бойынша, Ақтөбеде 2017 жылы маусымда жас босанған әйел комаға түскен. Сәбиді дүниеге әкелгеннен кейін, қан кете бастап, артынша комаға түскен науқас әлі күнге дейін есін жимапты. Қазір Астанада реабилитациялық орталықта жатыр.