Экономика

Абаев: Астананың 20 жылдығы шенеуніктер үшін тойланбайды

Елорданың 20 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту үшін республикалық бюджеттен 19 миллиард теңге қарастырылған
Sputnik

АСТАНА, 15 мамыр – Sputnik. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев елорданың 20 жылдығын тойлауға бөлінген ақшаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Елбасы Астананың 20 жылдығын артық шығынсыз тойлауды тапсырды

"Астана – Қазақстанның визиттік карточкасы. Ел тәуелсіздігі дегенде, ең алдымен елорда ойға оралады. Астананың 20 жылдығы шенеуніктер үшін емес, қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекеленеді. Екіншіден, бұл бюджет бірнеше мемлекеттік органннан құралады. Бұл ақша қазір көбісі айтып жүргендей, кредиттік ақша емес. Тексеруші органдар қаражаттың орынды жұмсалған-жұмсалмағанын кез келген уақытта тексере алады", — деді министр. 

Абаев БАҚ өкілдерін басты назарды мерекеге бөлініп жатқан ақшаға емес, кез келген ауқымды оқиғаның ел халқына келтірер пайдасын ойлауға шақырды. 

"Сіздер үнемі бар назарды ақшаға аударасыздар, ал сол шараның бізге беретін мультипликативті әсерін ешкім ойламайды. Мәселен, инфрақұрылым қалады, қала дамиды, бәрі де қала тұрғындары мен қонақтары үшін.  Жұмсалған ақша салық, түрлі шара түрінде ел қазынасына қайтып оралады", — деді Абаев.

Айта кетейік, Елорданың 20 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту үшін республикалық бюджеттен 19 миллиард теңге бөлінген болатын.