Оқиға

Прокуратураның бұрынғы қызметкері өз әйелін пышақтап өлтірді

Оқиға Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде болған
Sputnik

АСТАНА, 14 мамыр — Sputnik. Университетте қызмет ететін әйелін жұмыс орнында өлтірген прокуратураның бұрынғы қызметкері қамауға алынды. Ер адам әйелге бес рет пышақ салған. 

Cудья Ғани Байарыстан Sputnik Қазақстанға қылмыстың мән-жайын айтып берді.

Алматыда үш әйелді пышақтап өлтірген қанды қол қылмыскер сотталды

"Оқиға 11 мамырда кешкі 17:30-да болған. Күдікті әйелі жұмыс істейтін Мұхтар Әуезов атындағы университетке келіп, ұрсыс кезінде пышақ салған. Салдарынан әйел адам қаза тапты. Күдікті ас үй пышағын өзімен ала келген", — дейді Байарыстан.

Қаза тапқан әйелдің денесінде бес пышақ жарақаты табылған.

"Әйел адам университеттегі деканатта іс-қағаздарын жүргізуші болып істейді. Ер адам уақытша жұмыссыз. Бұрын қала аудандарының бірінде прокурор көмекшісі қызметін атқарған", — деп мәлімет берді судья.

Күдікті мен құрбанның кәмелеттік жасқа толмаған бір баласы бар.