Саясат

Назарбаев 92 жастағы Малайзия премьерін сайлаудағы жеңісімен құттықтады

Махатхир Мохамад премьер-министр болып сайланған әлемдегі ең қарт адам атанды
Sputnik

АСТАНА, 13 мамыр — Sputnik. Қазақстан президенті Малайзияның премьер-министрі Махатхир Мохамадқа құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Елбасы Пашинянді үкімет басшысы болып сайлануымен құттықтады

Нұрсұлтан Назарбаев Махатхир Мохамадты парламент сайлауында "Үміт альянсы" коалициясының жеңіске жетуімен және Малайзия премьер-министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады.

"Сайлау нәтижелері Сіздің парасатты басшылығыңызбен Малайзияның келешекте жаңа белестерді бағындыратынына халықтың сенім артып отырғанын көрсетті. Бұған Сіздің 1981-2003 жылдарда Малайзияның қарқынды дамуына қосқан өлшеусіз үлесіңіз дәлел бола алады.

Қазақстан мен Малайзия арасындағы достық қарым-қатынас жылдан жылға нығайып, жан-жақты өркендеп келеді", – делінген жеделхатта.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы екі ел арасындағы жемісті ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Махатхир Мохамадқа жауапты лауазымда табыс, ал Малайзия халқына бейбіт өмір мен бақ-береке тіледі.

92 жастағы Махатхир Мохамад премьер-министр болып сайланған әлемдегі ең қарт адам атанып отыр. Алғаш рет ол 1981 жылы 56 жасында Малайзия премьер-министрі болды. Бұл лауазымнан 2003 жылы кеткен болатын.