Қоғам

Жалақыны өсіру үшін тестен өтпей қалған мұғалімдерге қандай шара қолданылады?

Мамыр айында 60 мыңнан аса ұстаз ұлттық біліктілік тестін тапсыруға ниет білдіріп отыр
Sputnik

АСТАНА, 11 мамыр – Sputnik. ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев біліктілігін растай алмаған мұғалімдерге ешқандай жазалау шаралары қолданылмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министр: ұстаздар мен тәрбиешілерге жалақы төлеу жүйесі өзгереді

"Біліктілік сынағынан өтпей қалған мұғалімдерге министрлік қандай шара қолданады? Қазір көбісін осы сұрақ мазалап жүр. Ешқандай шара қолданбаймыз. Жазалау шаралары болмайды. Ережеге сәйкес, егер ұстаздар біліктілік тестін тапсыра алмаса, онда сол санатта қалып, бұрынғы жалақысын ала береді", — деді Сағадиев. 

Осы орайда білім министрі ел арасында "кейбір әкімдіктер квота енгізіп, ұстаздарды қорқытып жатыр" деген сыбыс тарағанын айтты. 

"Біз барлығынан бұлай істемеуді өтіндік. Мұғалімдерге ұлттық тестке дайындалу үшін уақыт беру керек, олар сынақты қалаған уақытында тапсырғаны дұрыс. Ұстаздарды үрейлендіріп, қорқытуға болмайды. Мамыр айында 60 мыңнан астам мұғалім өз еркімен тест тапсыруға жазылған. Шындығына келсек, біз мұны күтпеп едік. Бұл ұстаздардың сенімділігін, өз пәнін жақсы білетінін, сынақтан қорықпайтынын көрсетеді",- деген ол ұлттық біліктілік тесті 26 мамырда басталатынын атап өтті.