АСТАНА, 10 мамыр — Sputnik. Жел ұшырған батуттан зардап шеккен бес бала ауруханада жатыр, деп мәлімет берді Астана қаласы №2 балалар ауруханасының бас дәрігері Біржан Досмайылов.
Досмайыловтың хабарлауынша, бір қыз бас сүйек-ми жарақатымен жансақтау бөлімінде жатыр, төрт бала арнайы бөлімдерде ем алуда.
"Бүгінге дейін жансақтау бөлімінде үш бала жатқан. Бүгін қарап шыққаннан кейін, екі баланы арнайы бөлімдерге ауыстыруға шешім қабылдадық", — деді Досмайылов бейсенбі күні баспасөз мәслихатында.
Бірақ бас дәрігер кішкентай науқастардың денсаулығына қатысты болжам айта алған жоқ.
"Әкімдіктің қолдауымен балаларға барынша көмек бердік. Нейрожарақат бойынша шетелдік мамандардан кеңес алдық. Әлі де онлайн режимде, телефон арқылы консультация алып отырмыз", — дейді ол.
Зардап шеккендердің екеуіне операция жасалды, тағы біреуіне жоспар бойынша операция жасау қажет. Барлық бала ауруханадан шыққанша дәрігерлердің бақылауында болады.