АСТАНА, 5 мамыр — Sputnik. Алматы қаласы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында үш әйелді өлтірді деп айыпталған Замандин Палтуев 25 жылға сотталды.
Қанды қол қылмыскер былтыр желтоқсан айында үш әйелді аяусыз пышақтаған. Әйелдердің бірімен қылмыс жасағанға дейін бір апта бұрын танысыпты, сол қаралы күні апалы-сіңлі екі әйел ер адамды үйіне өздері кіргізген.
Дастархан басында жанжал шығып, сотталушы әуелі бөтелкелесін ұрып жіберіп, кейін апалы-сіңлілерге тап беріп, пышақтап тастайды. Әйелдердің бірі 17, екіншісі 43 пышақ жарақатын алған. Ал үшіншісі кездейсоқ өтіп бара жатқан әйел адам екен, қылмыскер әуелі оны тонамақ болып, кейін пышақтап өлтірген.
Сот процесі жабық режимде өтті. Сотталушының адвокаты Дінмұхамед Нарымбетов айтқандай, ер адам кінәсін мойындап, жасаған қылмысына өкінген.
Замандин Палтуев 25 жылға сотталды.