Өңірлер

Қостанай облысында қасапшы жігіт әпкесін асқан қатыгездікпен өлтірген

Немере әпкесін асқан қатыгездікпен өлтірген ауыл тұрғыны сот алдына келді
Sputnik

АСТАНА, 5 мамыр — Sputnik. Қостанайда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотта әпкесін пышақтап, артынша басын кесіп тастаған ауыл тұрғынына қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау өтті, деп жазады kstnews.kz. 

Оқиға өткен жылдың 24 желтоқсанында Қарабалық ауданына қарасты Славенка ауылында болған. Сотталушы – 30 жастағы төрт баланың әкесі Құсбек Алмағамбетов. Оның қолынан қаза болған әйел – немере әпкесі 45 жастағы Күлмар Бекбосынова. Келіншек күйеуінен ажырасып, әкесінің ағасы мен оның баласының үйінде уақытша тұрып жатқан. 

ШҚО-да жүкті әйел баланы алдыртуға ақша бермеген сүйіктісін пышақтап өлтірді

Алмағамбетов еш жерде жұмыс істемейді. Бірақ ауылда қасапшылықпен нәпақа тапқан. Сол күні таңертең жылқысын сойып берген Құсбекке ауылдасы 8 мың теңге төлейді. Жолшыбай әкесі екеуі бір бөтелке арақ пен балаларға тәттілер алады. Кейін оларға көршісі қосылады, ол да құр қол емес, бөтелкесін ала келген. Бұл аз болып, сол күні олар дүкенге тағы екі рет барады. 

Кешке сағат он шамасында дастархан басында бірге ішіп отырған туысқандар арасында жанжал шығады. Құсбек пен Күлмар қорадағы малдың қайсысын соятынын келісе алмай, қызылкеңірдек болып дауласады. Ақырында інісі қолына пышақ алып, әпкесінің арқасына алты рет пышақ салады. Кейін сарапшылар анықтағандай, әйел ауыр жарақат алғанымен, Алмағамбетов оның басын кесіп алып жатқанда тірі болған. Ол қансырап өледі.

Бұл қанды оқиға отбасының көзінше болған. Едәуір уақыт өткеннен кейін ғана балаларымен басқа бөлмеде тығылып қалған Құсбектің әйелі полицияға хабар береді. 

Тергеудің басында Алмағамбетов асқан қатыгездікпен адам өлтіргенін мойындайды. Кейін ол сөзінен айнып қалады. Ал алдын ала тыңдау барысында психологиялық қысым болғанын, сондықтан кінәні мойнына алғанын айтып, жаңа биологиялық сараптама жасауды талап етеді. Айтуынша, әйелдің және өзінің киімі мен пышақта кімнің қаны – оның немесе әкесінің қаны болғанын анықтау керек. Бірақ айыптаушы тарап қосымша молекулалық-генетикалық сараптаманың қажет емес екенін, куәгерлерден жауап алынғанын жеткізді. Күдікті алқабилер сотынан бас тартып отыр.