АСТАНА, 4 мамыр — Sputnik. Елбасы Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорда.
Екі елдің көшбасшылары бірін-бірі ала келе жатқан Жеңіс мерекесімен құттықтады.
Әңгіме барысында Қазақстан мен Ресей президенттері екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде Армениядағы ахуалды талқылады.
Мемлекеттер басшылары алдағы кездесулер кестесі, атап айтқанда, биылғы 14 мамырда Сочи қаласында өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына әзірлік барысы жөнінде әңгімелесті.
Осы орайда, екі елдің көшбасшылары Еуразиялық экономикалық одақтың 2017 жылғы ішкі және сыртқы сауда-саттық көлемі тиісінше 24,4 және 26,1 пайызға өскенін атап өтіп, халықаралық қоғамдастық тарапынан бұл бірлестікпен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылықтың артып отырғанын айтты.