Өңірлер

Алматыда көліктің жүксалғышынан бірнеше қап бұғы мүйізі табылды

Көліктің иесі бұғы мүйіздерін қайдан алғаны тергеу барысында анықталады
Sputnik

АСТАНА, 4 мамыр — Sputnik. Алматыда полицейлер тоқтатқан көліктің жүксалғышынан бірнеше қап бұғы мүйізі табылған. Бұл туралы Sputnik Қазақстан агенттігіне оқиға куәгерлері айтып берді.

Кейінірек Алматы ІІД бұл жайтты растады.

"Кеше түн ортасында жол-патрульдік полиция қызметкері Ақын Сара және Момышұлы көшелерінің қиылысында жеңіл көлікті тоқтатты. Көліктің жүксалғышы бұғы мүйізіне лық толы екен. Оны қайдан алғанын сұрағанда, ер адам Алматы облысы аумағында даладан жинағанын айтты", — деп хабарлады департаменттің ресми өкілі Салтанат Әзірбек Sputnik Қазақстан агенттігіне.

Алатау ауданы ІІБ осы оқиғаға қатысты тергеу амалдарын бастады.