АСТАНА, 3 мамыр — Sputnik. Шымкентте ақыл-есі кемдеу жасөспірімге сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткен 16 жастағы бозбалаға сот үкімі шықты, деп жазады otyrar.kz.
"Сотталған жасөспірім Шымкентте пәтер жалдап тұрған. 2001 жылы туған ол қылмыс жасаған уақытта 16 жаста болды. Өткен жылдың 17 қазанында ол үйге мас болып келіп, пәтеріне көтеріле алмаған. Зардап шеккен жасөспірім оған көмектесіп, үйіне бірге кіреді. Сотталушы балаға қауын беріп, қонақ қылған", — деді мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соттың судьясы Әбинұр Қарабаев.
Айтуынша, кешкі намаздың уақыты еді. Зардап шеккен жасөспірім намаз оқиды екен. Намаздан кейін қаскөй оны пышақпен қорқытып, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткен.
"Зардап шеккен бала кәмелет жасқа толмаған, ақыл-есі кемдеу. Ол түнде үйден шығуға қорыққан. Тек таңертең сотталушыға досы келген кезде пәтерден шығып құтылған ол ата-анасына болған жағдайды айтып береді", — деді ол.
Балаға зорлық көрсеткен жасөспірім кінәсін мойындаған жоқ. Бірақ сараптама жасалып, оның кінәсі толық дәлелденді. Сот оны 11 жыл 3 айға соттау үкімін кесті.