Қоғам

ҰБТ-дан ең көп балл жинаған алғашқы түлекке сыйлық беріледі

Ұлттық тестілеу орталығының басшысы ҰБТ "мерейтойы" құрметіне ең көп балл жинаған алғашқы түлекке iPhone тарту етпек
Sputnik

АСТАНА, 2 мамыр — Sputnik. БҒМ "Ұлттық тестілеу орталығы" РМҚК директоры Рамазан Әлімқұлов ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған алғашқы түлекке iPhone сыйлайтынын айтты.

БҒМ: ҰБТ-ның "дұрыс жауабын" сатып аламыз деп алданып қалмаңыздар

"Биыл ҰБТ он бесінші рет өтетініне байланысты Қазақстан азаматы ретінде өз атымнан 140 балл жинаған алғашқы оқушыға iPhone сыйлаймын", — деді ол Sputnik Қазақстан тілшісіне. 

Айта кетсек,  биыл ҰБТ форматына өзгеріс енгізілген жоқ, тек оқушыларға сынақты ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Бүгінгі таңда 200-ге жуық түлек ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға ниет білдірген. Дегенмен бұл көрсеткіш әлі де өзгереді. Өтініш қабылдау мерзімі 10 мамырда аяқталады. 

2 мамырдағы мәлімет бойынша 96 963  түлек ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Бір қуантарлығы түлектердің 73 мыңы, яғни 80 проценті қазақ тілінде тапсырмақ. Ал барлығы республика бойынша 146 мың оқушы мектеп бітіреді. 

Ұлттық бірыңғау тестілеу жылдағыдай 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді.

Баспасөз мәслихатында айтылғандай, 15 жыл ішінде 1 миллион 600 мың адам ҰБТ тапсырыпты.