Мәдениет

Танымал продюсер: Скриптониттің жасап жүргенін өнер деп айтуға болмайды

Белгілі продюсер Алтынбек Рахметов Ресейде өнер көрсетіп жүрген қазақстандық рэп орындаушыны сынға алды
Sputnik

АСТАНА, 27 сәуір – Sputnik. Танымал қазақстандық режиссер, продюсер, Павлодардағы Наурыз мейрамын ұйымдастырушы Алтынбек Рахметов рэп орындаушысы Скриптонитті сынға алды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. 

Естеріңізде болса, Ресейде танымалдылыққа ие болған рэп орындаушысы Скриптонит Астанада өткен концерт кезінде Павлодардағы жолдарды сынап, жергілікті билікке өкпесін ашық білдірген. 

Агенттік тілшісіне берген сұхбатында режиссер Алтынбек Рахметов өзінің Ленин кентінде туғанын және 25 жыл бұрын жұмыс бабымен Алматыға ауысқанын айтты. Жуырда, туған мектебінің мерейтойына барған ол өзі оқыған білім ордасында Әділ Жәлеловтың (Скриптониттің шын есімі) да оқығанын білген. 

"Скриптонит – жастарға үлгі болатын адам емес, оның жасап жүргенін өнер деп есептеуге келмейді", — дейді продюсер. 

Продюсер, сондай-ақ, өзінің instagram парақшасында ойын жеткізді. 

Есіңді жи, Төреғали: продюсер Жан Мұқанов әншімен арадағы кикілжіңді жайып салды

"Мен Ленин кентінде №33 мектепте Скриптонитпен бірге оқыдым. Туған ауыл үшін, Павлодар үшін жасалып жатқан жұмыстарды білмей тұра, билікті түк істемеді деп сөгу қисынға келмейді. Ресейде өмір сүріп, өзінің кіші Отанын менсінбеу – орынсыз. Мен Павлодарда жиі боламын. Мен өскен Карьерная көшесі түнгі уақытта жарық шамдармен қамтылған, қазіргі көше әлдеқайда әдемі. Су жүйесі де тартылған. 12 шақырымдық жол теп-тегіс. Туған туыстарың, ата-анаң тұратын кіші Отаныңды сөгу ешкімге абырой бермейтіні анық. Павлодар – еліміздегі ең таза қалалардың бірі. Сөзімді қала қонақтары дәлелдейді. Павлодарда туып, өскендіктен өз қаламды ешкімге де даттауға жол бермеймін. Әркім өзінің туған жерін, елін сүю керек", — деп жазды Алтынбек Рахметов.

Айта кетейік, Алтынбек Рахметов бірқатар жас әншілерге продюсерлік жасап, Серік Ибрагимов, Әлішер Каримов, Еркін Мәулен сияқты талантты жұлдыздарды отандық эстрадаға әкеліп, жұлдыздардың жолын ашты.