Қоғам

Басы дауға қалған Qazkom видеомәлімдеме жасады

Qazkom банкі мемлекеттік тілде қызмет көрсету бойынша қоғам ішінде үлкен дау тудырған мәселеге байланысты видеоүндеу жариялады
Sputnik

АСТАНА, 26 сәуір — Sputnik. Qazkom банкі Оғыз Доғанға қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан қызметкерлері үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

Қоғамда резонанс тудырған оқиға кеше Астанадағы "Сарыарқа" банк бөлімшесінде болған еді. Филиал қызметкерлері банкке клиент ретінде келген Оғыз Доғанға мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тартқан. Оғыз Доған орыс тілін түсінбейтінін бірнеше мәрте айтса да, банк қызметкерлері клиенттің сөзін елемеген. Бүгін банк басшылығы кешелі бері әлеуметтік желіде шу туғызған оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.

"Банк кешегі оқиға үшін барлық қатысушылар мен куәгерден кешірім сұрайды.Тіл туралы заңға сәйкес, банк өз қызметін мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде және ресми статусы бар орыс тілінде көрсетеді. Клиенттердің сұранысы бойынша және Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша банк үш тілде қызмет көрсетуге дайын", — делінген банктің мәлімдемесінде.  

Хабарламадағы ақпаратқа сүйенсек, "Казкоммерцбанктің" барлық бөлімшесінде қазақ тілін жетік білетін мамандар бар.  Клиенттерге қызмет көрсететін барлық менеджерлер мемлекеттік тілді меңгерген. Қаржы мекемесі клиенттің талабын орындамай, орыс тілінде ғана сөйлеген банк қызметкерлерінің әрекетін ақтамайтынын мәлімдеді.

"Астанадағы "Сары-Арқа" филиалының қызметкерлері арасында да қазақ тілін жоғары деңгейде білетін менеджерлер бар. Бұл жағдайда да біз клиентке қажетті банк қызметін қазақ тілінде ұсына алар едік, өкінішке қарай, түсінбеушілік салдарынан бөлімше қызметкерлері эмоцияға беріліп, клиентке қызметті дұрыс көрсетпеді. Қызметкерлеріміздің бұл іс-әрекетін біз ақтамаймыз. Алайда бұл оқиғаны бейнетаспаға түсіруге байланысты стрестік жағдай туғызғанын атап өткіміз келеді. Болашақта мұндай оқиға қайталанбас үшін біз өз қызметкерлерімізге тиісті оқыту тренингтерін өткіземіз", — деп уәде берді банк басшылығы.