Қоғам

Медициналық университеттің ректоры жалған сертификат тапсырған студенттерді сынға алды

Ректордың пікірінше, студенттер өз еріктерімен оқудан шығуы тиіс болатын
Sputnik

АСТАНА, 26 сәуір — Sputnik. "Астана" медициналық университетінің ректоры Мәжит Шайдаров жоғары білімін әрі қарай жалғастыру үшін оқуға түскен кезде ағылшын тілінен жалған сертификаттар тапсырғаны үшін жүзден астам студенттің ЖОО-нан шығарылуына қатысты пікір білдірді.

Астана медициналық университетіндегі шу: оқудан шығарылған студенттер не дейді?

Ректордың айтуынша, ол осы резиденттер, магистранттар мен докторанттарды шақырып, сертификаттарының British Council тізімінде жоқ екенін ескерткен екен.

"Несіне жасырамыз, олар сертификаттың жалған екенін жақсы білді. Біз олардың ар-ұяты оянатын шығар деп күттік. Құқық қорғау органдарының іске араласқанын біле тұра, оқудан кету туралы арызды өздері жазуы тиіс болатын. Меніңше, олар өз бетімен арыз жазып, оқудан шығуы керек еді. Біразы солай істеді, дегенмен осы күнге дейін 84 адам сертификатымыз жалған емес деп жүре берген", — дейді Шайдаров бейсенбі күні баспасөз мәслихатында.

Ректор атап өткендей, жалған сертификаттарды ЖОО-дарда таратып жүрген адамды іздеп табу қажет.

"Білім алушылардың өзімен сөйлесіп, "Сертификаттарды қайдан алдыңдар?"деп сұрағанымда, күмілжіп, "көшеде бір әйел жолығып, сертификат алуды ұсынды" деп жауап берді. Бұл енді баланың сөзі емес пе? Білдей дәрігер болып жүрген адам солай дей ме?", — дейді Шайдаров.

Кеше белгілі болғандай, елордалық "Астана" медициналық университетінің жүзден астам студенті магистратураға түскен кезде жалған IELTS сертификаттарын пайдаланғаны үшін оқудан шығарылған. Студенттер жоғары білім мен шәкіртақыға жұмсалған мемлекеттік қаражатын қайтаруы тиіс.