Өңірлер

Ақтөбеде қар жауды

Синоптиктердің болжамы бойынша, Ақтөбе облысында таяу күндері тағы қар жаууы ықтимал
Sputnik

АСТАНА, 24 сәуір — Sputnik. Ақтөбеде сейсенбі күні таңертең қар аралас жаңбыр жауды. Табиғаттың тосын сыйы бірнеше сағатқа созылғанымен, жерде қар жамылғысы пайда болмай, бірден еріп кетіп жатты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Синоптиктердің сөзіне сүйенсек, Ақтөбе облысында сәуірдің аяғында мұндай құбылыстар негізінде жиі болмайды екен.

"Алдағы күндері өңірде тағы қар жауу ықтималдығы өте зор. Егер түнгі мезгілде жауса, қар жамылғысы жер бетінде бірнеше сағат жатуы мүмкін", — деп мәлімет берді Қазгидрометтің Ақтөбедегі филиалы Sputnik Қазақстанға.

Метеоқызметтің дерегі бойынша, алдағы күндері Ақтөбеде ауа температурасы 0-2 градус аяз болмақ, ал күндіз сегіз градусқа дейін нөлден жоғары болады.