Спорт

Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы алғашқы қарсыласы жайлы пікір білдірді

Отандасымыз кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін америкалық боксшы Ноа Киддке қарсы өткізеді
Sputnik

АСТАНА, 23 сәуір — Sputnik. Қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы алғашқы жекпе-жегі мен қарсыласы жайлы ойын білдірді, деп жазады prosports.kz. 

"Бұл – менің алғашқы жекпе-жегім. Өзіме деген сенімділікті арттыруым қажет. Осыған қарай қарсылас таңдалды. Бұл жолғы қарсыласым ортаңқол боксшылардың бірі. Алғашқы жекпе-жекте шаршы алаңға бой үйретіп, кәсіпқой бокс атмосферасын сезіну үшін жұдырықтасуға болатын боксшы", — деді Данияр.

Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа біржолата ауысты

Данияр Елеусінов шаршы алаңға шығатын бокс кеші 28 сәуір күні Нью-Йорктегі "Барклайс" аренада өтеді. Басты кездесуде орта салмақтағы Дэниэль Джейкобс пен поляк Мацей Сулецки қолғап түйістіреді.

Жартылай орта салмақта өтетін Данияр Елеусінов пен Ноа Кидд жекпе-жегі 6 раундқа жоспарланған. Америкалық боксшы кәсіпқой бокстағы мансабын 2016 жылы бастаған. 4 жекпе-жек өткізіп, 3-де жеңіске жеткен. Бір кездесуінде қарсыласымен тең түскен. Барлық жекпе-жектерін  Миссури штатында өткізген.

Айта кетейік, 28 сәуірдегі бокс кешінде Нью-Йорктегі қазақстандық полицей Димаш Ниязов (13-0-3, 6 КО) та шаршы алаңға шығады. Ол мексикалық боксшы Анхель Саринанмен (7-7-2, 3 КО) жұдырықтасады.