АСТАНА, 23 сәуір – Sputnik. Шымкентте өзіне қол салған жас мұғалімге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады otyrar.kz.
Мектептегі қайғылы оқиғаға қатысты жаңа деректер шықты. Марқұм болған педагогты туыстары кеше, яғни 22 сәуір күні жерлеген. Қайғылы жағдай 21 сәуір күні Асар шағын ауданындағы №90 мектепте болған.
Информатика пәні мұғалімінің мәйіті кабинеттен табылған. Мектеп әкімшілігі, әріптестері марқұмды іскер әрі еңбеққор мұғалім болған деп еске алады. Сондай-ақ мұғалімнің туыстары білім ұясына ешқандай арызымыз жоқ деп қолхат жазып берген. Осы жағдайға байланысты Қаратау аудандық ІІБ тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Сол күні азанда үйден жақсы көңіл-күймен шығып кетті. Түс қайта қайғылы жағдайды естідік. Өзіміз мектептен тікелей Мақтаралдағы ауылына жеткіздік.Мұнан алдын ешкіммен ұрыспаған. Әріптестерімен сөзге келмеген. Бұл отбасындағы бір жыл ішіндегі екінші қайғылы жағдай. Мұнан алдын туған інісі үйінде өзіне қол жұмсап, көз жұмған еді", — дейді марқұмның нағашы ағасы Әкімбек Тойшықбаев.