АСТАНА, 22 сәуір — Sputnik. Атақты америкалық актер Верн Тройер 49 жасында дүниеден озды, деп жазды TMZ.
Порталдың мәліметінше, ол бір ай бұрын ішімдіктен қатты уланып ауруханаға түскен. Актер ұзақ жылдар бойы алкогольге тәуелділікпен күрескен екен.
"Бокстың үлкен жанкүйері және Геннадий Головкин мен WBC ұйымының досы Верн Тройердің қазасы туралы хабарды қайғыра отырып қабылдадым", — деп жазды дүниежүізілік бокс кеңесінің (WBC) президенті Маурисио Сулейман өзінің Twitter-аккаунтына.
"Верн Тройердің, үлкен жүректі кішкентай жігіттің дүниеден өткенін есту өкінішті. Бақұл бол, досым менің", — деп жазды Головкин Instagram-дағы парақшасына.
Тройер генетикалық ауытқушылықпен дүниеге келген, соның салдарынан оның бойы 81 сантиметрге дейін ғана өскен. Ол "Остин Пауэрс" фильмінде Мини-Мы рөлін сомдағаннан кейін әлемге таныла бастады.