АСТАНА, 20 сәуір – Sputnik. Түркістан қаласында өз әйелін 6 жасар баласының көзінше пышақтап өлтірген қылмыскерге қатысты ОҚО мамандандырылған ауданаралық сотында үкім оқылды. Сот оны 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесті, деп хабарлады otyrar.kz.
Жаңа жылдың алғашқы тәулігінде Түркістаннан жеткен бұл қанды хабар елдің жағасын ұстатқан еді. 31 жастағы әйелді бұрынғы күйеуі перзенттерінің көз алдында бауыздап тастаған. Осылайша ашуын басқан ол оқиға орнынан қашып кетіп, бой тасалаған.
Марқұм болған әйелдің туыстары сотталушыны өмір бойына жазалауды сұраған болатын. Сондай-ақ моральдық шығын ретінде 20 миллион теңгеден астам өтемақы беруін талап еткен. Сот жәбірленушілердің бұл талабын ішінара қанағаттандырды. Яғни, жауапкерден жәбірленуші тарапқа 3 миллион теңге моральдық шығын өтеуі тиіс. Сот тергеу барысында қылмыскердің шын жүректен өкінетінін, кінәсін мойындайтынын ескерген. Дегенмен жасалған қылмыстың аса ауырлығына байланысты сот үкімі жеңіл болған жоқ.
"Сотталушы Мақұлбековты ҚР ҚК-нің 99-бабының 2-ші бөлігі, 5-ші тармағымен кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылсын", — деп сот үкімін оқыды Дәурен Мадалиев.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.