АСТАНА, 19 сәуір — Sputnik. Мемлекет басшысы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлайды Ақорда.
Бас қосу барысында "Самұрық-Қазына" АҚ-ның жаңарған даму стратегиясы мен қорды трансформациялау бағдарламасын қабылдау мәселелері талқыланды.
Кездесуді ашқан Қазақстан президенті ұлттық экономикамызды нығайту және одан әрі дамыту ісінде "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының жұмысы стратегиялық маңызға ие болып отырғанын атап өтті.
"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры ел экономикасында маңызды рөл атқарады. Қорды дамыту жөніндегі алғашқы ұзақ мерзімді стратегия 2012 жылы қабылданды. Ол әлемдік қаржы дағдарысының салдарына қарсы тұру мақсатымен әзірленген болатын. Соңғы жылдары ахуал өзгерді. Экономикамыз сыртқы факторлардың әсеріне төтеп беріп, орнықты даму жолына түсті. Көп жұмыс атқарылды", – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев жиында сөз сөйлеген баяндамашыларды тыңдап, қатысушылардың назарын тиісті шаралар қабылдауды қажет ететін бірқатар мәселеге аударды.
"Қорды басқарудың тиімділігін арттыру мәселесіне тоқталайық. Қор компанияларын басқарудың көп деңгейлі жүйесі әлі күнге дейін әрекет етіп келеді. Бұл шешімдер қабылдауды күрделендіреді, саны көп әкімшілік-басқарушылық персоналды ұстау үшін елеулі қаржы ресурстарын талап етеді. Басқару деңгейлерін қысқарту қажет", – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы қор активтерін жекешелендіру жөніндегі жұмысты жалғастырудың маңыздылығына назар аударып, бұл бағдарламаға шетелдік инвесторлар зор қызығушылық танытып отырғанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қор компанияларын цифрландыру үдерісіне арнайы тоқталып, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында бұл бағдарламаның өзектілігін және дер кезінде ұсынылып отырғанын атап өтті.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы қордың ірі инвестициялық жобаларына қатысты жүйелі шешім қабылдау қажеттігін айтты.
Жиын соңында Қазақстан президенті "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамының 2018-2028 жылдарға арналған жаңарған даму стратегиясын және қорды трансформациялау бағдарламасын мақұлдап, оның әрі қарай жүзеге асырылуын ерекше бақылауға алуды тапсырды.