Қоғам

Оңтүстік Қазақстан тұрғыны Сан-Францискода таксист болып істейді

Бизнесмен Рақымбаев оңтүстік өңірінің жігіттерінің пысықтығына таңғалды
Sputnik

АСТАНА, 16 сәуір — Sputnik. Қазақстандық бизнесмен Айдын Рақымбаев Сан-Францискода қазақ жастарымен кездесті.

"Бір жерде 46 қазақ бірге! Өте алғыр, зерек балалар жиналды, әрқайсысы әр қаладан: Қызылорда, Ақтөбе, Көкшетау, Қарағанды, Ақтау, Семей, Алматы, Павлодар, Астана және т.б. Дарынды жастар әртүрлі бағдарлама бойынша АҚШ-тың ең үздік университеттерінде оқиды, оның ішінде "Болашақ" бағдарламасы да бар. Біздің жігіттер Google сияқты мықты компанияларда істейді! Біздің оқымысты, алғыр жастарымыз үшін қатты қуанып, жүрегімді мақтаныш сезімі кернеді", — деп жазды Рақымбаев Facebook парақшасында.

Бизнесмен сондай-ақ осы кездесуде болған тосын жайтпен де бөлісті.

"Сіздерге бір қызық жайт айтып берейін. Кешегі кешкі аста жастарымызмен танысып отырмыз, әрқайсысы қайда оқитынын, қайда жұмыс істейтінін айтып жатыр. Беркли — қаржы, құқық… Стенфорд — инженерия, докторантура, магистратура, Google — қаржы, жүйе администраторы. Бір кезде қара торы жігіт біраз кешігіп келді, аты-жөнін айтып, АҚШ-та не істеп жүрсің деген сұраққа, "Uber де iстеймiн!" деп жауап берді. Таңданысымызда шек болмады, өзі таза қазақша сөйлейді", — деп жазады Рақымбаев.

Бизнесменнің айтуынша, жас жігіт Оңтүстік Қазақстан өңірінен екен, ағылшын тілін жетік білмесе де, Сан-Францискода такси болып жүр. Миллионер оңтүстік өңір жігіттерінің пысықтығына таңғалды.