АСТАНА, 13 сәуір – Sputnik. Орта салмақта WBA/WBC/IBF/IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин баспасөз конференциясында соңғы кездері рингке жиі шыға алмай жүргеніне қапалы екенін айтты, деп жазды Sports.kz.
5 мамырға белгілеген GGG-дің мексикалық Сауль Альвареспен реваншы "Канелоның" допинг-тестен өте алмауына байланысты тоқтатылды, қазір Геннадийдің командасы осы күнге басқа қарсылас іздеп жатыр.
"Әрине, бұрынғыдай жылына 3-4 жекпе-жек өткізгім келеді. Қазіргі жағдай мен үшін сұмдық. Маған бокс қызық болмай барады. Біз 5 мамыр, ең маңызды датадағы жекпе-жектен (Альвареспен) айырылып қалдық. Енді ешкім менімен жұдырықтасқысы келмейді. Әлі қимылым ширақ, өзімді жақсы сезінемін. Спорттың бұл түрін жақсы көремін. Келесі жекпе-жек ондай маңызды болмауы мүмкін, алайда бұл қалай дегенде де жекпе-жек. Жекпе-жек өткізгенді жақсы көремін", — деді Геннадий Головкин.