Әлем

Түрікменстанның оңтүстігінде 2 бөлке наннан ғана сатылып жатыр

Халық кезекке тұрып жатқанда, нан таусылып қалып жатыр
Sputnik

АСТАНА, 12 сәуір — Sputnik. Түрікменстанның Мары қаласындағы мемлекеттік азық-түлік дүкендері адам басына екі бөлке наннан ғана сатып жатыр. Бұл туралы Түрікменстандағы Азатлык тілшісі мен тәуелсіз басылымдар хабарлады, деп жазды centralasian.org.  

Мемлекеттік дүкендерде нан мен азық-түлік алдын ала белгіленген бағамен сатылады.

Түрікменстанда халық жүгері нанымен күнелтіп жатыр

"Қарапайым бөлке нан сөрелерде көп жатпайды. Оны сатып алу үшін дүкеннің ашылуын күтіп тұру керек. Халық кезекке тұрып жатқанда, нан таусылып қалады. Адам басына екі бөлке наннан ғана береді", — деп хабарлады "Альтернативные Новости Туркменистана" басылымы.

Мары қаласында нан шектеулі мөлшерде сатылатынын Азатлык тілшісі де растады. 

"Дүкенде кезекте тұрғандардың барлығына нан жетіспейді. Адам басына 1-2 бөлкеден ғана таратып жатыр. Нан жетпей қалғандары тағы әкелуін күтумен болады", — деп хабарлады Азатлык тілшісі. Оның айтуынша, қазір жергілікті наубайханаларда да нанға кезекте тұрғандар көбейген.

Бұған қоса халыққа арналған ұнды да шектеулі мөлшерде сатып жатыр. Оның өзі әдетте сапасыз болып шығады. Бұған дейін хабарланғандай, мемлекеттік дүкендерде адам басына 5 келі ұннан артық сатпайды.

Бұның алдында Азатлык дереккөздері халық кебек пен жүгері ұнын тұтына бастағанын хабарлаған еді. Түрікменстан билігі азық-түлік дағдарысын мойындамай отыр.