Қоғам

Назарбаев "пайыз" бен "күйсандық" сөзі неге ұнамайтынын айтты

Ал "балмұздақ" сөзі президентке ұнайды екен
Sputnik

АСТАНА, 12 сәуір — Sputnik. Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі жаңа оқулық" жобасы аясында шыққан алғашқы оқулықтардың тұсаукесерінде халықаралық терминдерді қазақ тіліне аудару мәселесіне қатысты тағы да ой қозғады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Әлемдік ғылыми терминологияны қалай пайдаланған дұрыс деген пікірталас көп. Бұл жолы әмбебап ғылыми терминдерді өзгертпей алу туралы шешім қабылданды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында шетел тіліндегі, әсіресе, орыс тіліндегі сөздерден арылайық деп неше түрлі аударма жасады. Кейбіреуін айтуға ұят. Кейбіреуі тура, дөп келді", — деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Президентке, әсіресе, "пайыз" бен "күйсандық" сөздері ұнамайды екен.

Назарбаев: жаңа әліпбимен Абайдың қара сөздерін күнде жазамын

"Процент" деген дүниежүзіндегі сөзді "пайыз" деп аударды. Ол түріктікі де емес, парсыдан алынған. Мен келіспеймін мұнымен. Бірде маған марқұм Еркеғали Рахмадиев келіп "мен композитор едім, қазір сазгер болдым" деді. Композитор, пианино деген халықаралық сөз емес пе? Оны күйсандық деп аударғаннан не табамыз", — деді мемлекет басшысы. 

Бұл ретте Елбасы кейбір сөздердің өте жақсы аударылғанын да атап өтті. 

"Балмұздақ" деген өте керемет аударылған… Сондықтан қазір ғылыми терминдерді аударамыз деп мықшыңдайтын болсақ, онда бәрін құртамыз. Дүниежүзінде пайдаланылатын терминдер қазақ тіліне енсе, олар тілімізді байытады",  — деп түйді сөзін президент.