Қоғам

Назарбаев: жаңа әліпбимен Абайдың қара сөздерін күнде жазамын

Астанада әлемнің үздік жүз кітабының алғашқы 18 кітабының тұсаукесері өтті
Sputnik

АСТАНА, 12 сәуір — Sputnik. Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі жаңа оқулық" жобасы аясында шыққан алғашқы оқулықтардың тұсаукесерінде тәуелсіздік жылдары қазақ халқы қол жеткізген үш маңызды жетістікті атады, хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Елбасы қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық туралы: бұрын-соңды мұндай болған емес

"Тәуелсіздіктің арқасында жиырма алты жылдың ішінде жеткен жетістігіміз көп. Дегенмен ең басты үш нәрсені айта аламыз. Бірінші, Қазақстан әлем қауымдастығының төрінен орын алған ел болды, бұл қазақ тарихында бірінші рет болған мәселе. Қазақстанды бүгінде білмейтін ел де, жер де жоқ. Үлкен елдермен терезесі тең", — деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Екінші, мемлекет басшысының айтуынша, өз елордамызды салдық. 

"Қазақ деген халық тұңғыш рет өз санасымен, өз ойымен жер таңдап, өзінің елордасын орнатты. Барлық өткен басшыларымыз, хандарымыз осындай қала салуды армандап кеткен. Ол арманға жеттік", — деді Елбасы. 

"Үшінші, ешкімнің ықпалынсыз, өз еркімізбен тәуелсіз ел ретінде өз әліпбиімізді, жазуымызды таңдадық. Әр елдің тарихында мұндай мәселе  есте қалатын үлкен тарихи оқиға болып саналады. Біз ана тіліміз кемелдене түссін деп осыны жасадық. Әліпбиді қазір бекіттік, ептеп енгізуіміз керек. Мен де күнде жаңа әліпбимен жазамын. Абайдың сөздерін жазып отырамын. Үйреніп кету онша қиын емес. Мектепте әліпбиді солай үйрендік қой. Әліпбидің еніп кетуі өте тез болады деп санаймын", — деді президент.