АСТАНА, 11 сәуір – Sputnik. Бүгін мәжілістің жалпы отырысында "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" заң жобасы қаралды. Заң жобасы туралы баяндама жасап, кейін депутаттардың сауалына жауап берген ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев спикер Нұрлан Нығматулиннен біраз сөз естіді. Бірде мәжілісмендердің қазақ тілінде қойған сауалдарын түсінбей, жауаптан мүдірсе, енді бірде сауалдың заң жобасына қатысы жоқ деп "таңғалдырды", деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Отырыс барысында депутат Геннадий Шиповских ұлттық банк төрағасынан сақтандыру компанияларына қойылып отырған талаптардың қатаңдатылуына қатысты сұрады.
"Талқыланып отырған заң жобасында сақтандыру ұйымдарына қатысты бірқатар норма бар. Атап айтқанда, ұлттық банктің қадағалау фунцияларының күшейтілуіне байланысты сақтандыру компанияларына қойылатын талаптар қатаңдатылады. Мүмкін, бұл да дұрыс шығар. Алайда есіңізде болса, мен сізге сақтандыру туралы заң жобасын қарар кезде автокөлік иелерінің сақтандыру полисінің қолданысына қатысты сұрақ қойған болатынмын. Сіз сол кезде маған бұл сұрақты қарау үшін актуарийлік есеп-қисаптар қажет, жазбаша түрде жауап беремін деген едіңіз. Ал енді осы жолы заң жобасына ешқандай есеп-қисапсыз норма енгізіп отырсыз. Осыған байланысты сіз маған өзіңіздің заң дайындаудағы логикаңызды түсіндіріп беріңізші. Осы сұрақтың жауабын жазбаша емес, қазір жауап беруді өтінемін. Себебі алдындағы жазбаша жауабыңыз формалды сырғытпа жауап болды", — деді депутат.
Ұлттық банк төрағасы сұраққа жауап бермес бұрын, бұл сауалдың бүгін қаралып отырған заң жобасына түк қатысы жоқ екенін айтты. Ақышевтің "ескертпесі" спикерге ұнамаған болуы керек, Нығматулин ұлттық банк басшысынан сауалға баға бермей, тура жауап беруді өтінді.
"Данияр Талғатұлы, біздің регламент бойынша сұрақтың бүгінгі тақырыпқа қатысты немесе қатысты емес екенін мәжіліс отырысының төрағасы анықтайды. Сіз оған баға бермей-ақ қойыңыз. Тікелей сұраққа тікелей жауап беріңіз", — деген Нығматулин тіпті Шиповскийдің қазақша қойған сұрағын Ақышевке аударып берді.
"Жақсы, бірақ бәрібір де бұл сауалдың бүгінгі "валюталық реттеу туралы" заң жобасына қатысы жоқ. Өйткені валюталық реттеу туралы заң жобасында сақтандыру ұйымдарына қатысты бірде-бір норма жоқ…",- әрі қарай депутаттың сауалына жауап беріп жатыр еді, мәжіліс спикері тағы сөзін бөлді.
"Мен сізді тоқтатуға мәжбүрмін, қазір сіз мүлде басқа тақырыпқа кетіп қалдыңыз. Мына жерде менің орынбасарым жаңа маған айтты: талқыланып отырған заң жобасына сақтандыру ұйымдарына қатысты нормалар енгізілген. Ұлттық банк сақтандыру компанияларына қойылатын талаптарды қатаңдатуға қатысты түзетулер енгізген. Сонда сіз қалай сауалдың еш қатысы жоқ дейсіз? Бұл бір. Екіншіден, менің түсінуімше, депутат Шиповских тарифтер туралы мәселені көтеріп отырған жоқ, ол сіздің логикаңыз туралы сұрады. Өткен жолы сақтандыру қызметіне қатысты мәселе қаралғанда, сіз есеп-қисап қажет деп, жазбаша жауаппен құтылыпсыз. Оның ұсынысын қарамағансыз. Ал енді осы жолы есеп-қисап қажет дегенде, бұл түзету есеп-қисапсыз енгізіліп отыр. Оның сұрап отырғаны міне осы… Сізге бүгін не болған? Жоқ әлде дайын емессіз бе, ресми түрде мұндай түзету жоқ деп отырсыз. Немесе ұлттық банк енгізген түзетулерді білмейтін шығарсыз? Онда Геннадий Геннадьевич (депутат – автор ескертп.) тағы да жазбаша жауап беруге мүмкіндік берерміз мүмкін? Сөйтейік, жазбаша жауап берсін. Әйтпесе, шатасып жатыр мында", — деп ашуланды мәжіліс төрағасы.
Спикердің сөзі Ақышевтің намысына тиген болуы керек, ұлттық банк басшысы "заң жобасына қатысты барлық ақпаратты білемін" деп кесіп айтты.
Ал депутат Шиповских Ақышевті одан әрі қинағысы келмеді ме жазбаша жауап беруге рұқсат етті.
"Жазбаша жауап берсін, бірақ жауап нақты болсын", — деді ол.
Ақышев "иә, жазбаша жауап береміз" дей бергені сол еді Нығматулин тағы араласты.
"Жоқ, нақты деген сөзді түсінесіз бе. Түсінбесеңіз, Геннадий Геннадьевичке барыңыз, аударып береді", — деп кеңес берді спикер.