АСТАНА, 10 сәуір – Sputnik. Былтыр көрермендерге жол тартқан "Мен қазақпын" халықаралық музыкалық жобасы биыл жалғасын таппақ. Бұл туралы бүгін "Қазақстан" РТРК" АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мен қазақпын" жобасы биыл тағы жалғасатын болды. Сәуір және мамыр айларында аудандарда, кейін облыстарда іріктеу байқауы өтеді. Биыл аталған жоба өткен жылдағыдай халықаралық сипат алмақ. Былтыр байқау Қытайда, Моңғолия мен Ресейде өтсе, биыл Қырғызстанды да тартуды жоспарлап отырмыз. Осылайша жылдан-жылға қалың қазақ мекендеген елді мекендерді тартып, ұлттық өнермен айналысып жүрген қандастарымызға үлкен сахнаға жол ашамыз", — деді Қарин.
Оның айтуынша, "Мен қазақпын" жобасы өткен жылдағыдай жаңа телевизиялық күз маусымында эфирге шығады.
"Жоба эфирге қыркүйекте шығады. Біз биыл Қазақстанның 14 аймағынан 200 ауданды қамтуды жоспарлап отырмыз", — деді Қарин.
"Қазақстан" РТРК" АҚ басқарма төрағасы жобаның жүлде қоры әзірге нақтыланбағанын атап өтті.
"Жүлде қоры пысықталуда, бірақ қомақты болады. Өткен жылдағыдай ақтық сын Тәуелсіздік күніне орайластырылады. 16 желтоқсанда үлкен гала-концерт ұйымдастырып, жеңімпаздарды анықтаймыз", — деген ол келесі жылы халықаралық музыкалық жобаға Өзбекстанды да тарту жоспарланып отырғанын мәлім етті.
Айта кетсек, "Мен қазақпын" халықаралық музыкалық жобасы ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен өткізіліп келеді. Жоба былтыр басталған болатын. Өткен жылы ауқымды жобаға 3000-нан астам үміткер өтініш білдіріп, олардың 700-і байқауға қатысты.
Жобаның мақсаты – еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі әнші-термеші, күйшілердің басын бір арнада тоғыстырып, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеу мақсатында атадан-балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз күй, жыр-термені дамытып, заманға сай жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттау.