Қоғам

"Әділбекті неге қорғай алмадық?" Депутат әскери ұшқыштардың азаю себебін түсіндірді

Нұртай Сабильянов әскери ұшқыштардың азаматтық авиацияға ауысуына әлеуметтік және моралдық жағдай себеп болып отырғанын айтты
Sputnik

АСТАНА, 9 сәуір – Sputnik. ҚР мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов әр әскери ұшқыш мемлекеттің қамқорлығында болуы керек деп санайды. Сонда ғана әскери ұшқыштардың жеке ірі әуе компанияларына ауысуы тоқтамақ, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Екеуі дос болған: министр полковниктің өліміне қатысты түсініктеме берді

Бүгін мәжілісте өткен үкімет сағатында қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов әскери ұшқыштар жалақысының аздығынан "Эйр Астана", "Скат" секілді ірі әуе компанияларына ауысып жатқанын мәлімдеген еді. Министрдің дерегіне сүйенсек, бүгінде бірінші санаттағы қазақстандық әскери ұшқыш небәрі 270 мың теңге алады. Ал көршілес Ресейдегі әріптестердің айлығы 800 мың рубль шамасында екен. 

Отырыс барысында мәжілісмен Нұртай Сабильянов әскери ұшқыштардың басқа қызмет орнына кетуіне тек әлеуметтік емес, моралдық жағдай да себеп болып отырғанын тілге тиек етті. 

"Соңғы кезде әскери ұшқыштардың әскери қызметтен кетуі белең алып жатқаны айтылды. Мұны біз бір жолға қойып, тоқтатуымыз керек деп ойлаймын. Өйткені бұл бір жағынан әлеуметтік жағдай болса, екінші жағынан моралдық жағдайы да бар. Бұл Талдықорған әскери базасында қылмыстық іс қозғалып, үкім шығарылған Әділбек Ысқақовқа байланысты болып отыр. Неге біз осы азаматты қорғай алмадық, неге оған қорғаныш бола алмадық? Оның қандай жазығы бар еді? Сот арқылы үкім алды, енді осыған қарап отырып, бүкіл әскери ұшқыш "ертең біздің басымызға да осындай күн туады" кетіп жатыр. Мұндайды болдырмау үшін әр ұшқыш, әр әскери қызметші мемлекеттің қамқорлығында болуы керек деп ойлаймын", — деді Сабильянов.

Депутат әскери университеттерде қылмыстың жиілеуіне алаңдаушылық білдірді

Еске салып өтсек, 2016 жылдың желтоқсанында Талдықорған маңында түнгі жағдайда оқу ұшуын орындау кезінде Су-27 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшқыш майор Әділбек Ысқақов барынша күш-жігерін салып, ұшақты елді мекеннен әрі қарай бұрып жіберді. Одан кейін қарғып түсу әдісін қолданды. Тергеу барысында әскери қызметкердің орталыққа өтірік ақпар бергені, яғни, ұшақта жеткілікті керосиннің болмағаны анықталды. Сөйтіп 2018 жылдың 12 қаңтарындағы сот үкімімен майор Ысқақов ҚР Қылмыстық кодексінің 464-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Көп ұзамай, наурыз айының ортасында ұшқыш жазасын шартты түрде өтейтін болып, бостандыққа шықты.