"Мән берген жоқпын". Қазақстанның ең сұлу аруы өзін сынағандарға жауап берді

Биыл "Қазақстан аруы-2018" байқауында 30 үміткердің ішінен 16 жастағы атыраулық Әлфия Ерсайын топ жарды
Sputnik

АСТАНА, 6 сәуір – Sputnik. Бір апта бұрын барша Қазақстан халқы республиканың ең сұлу аруын таңдады. Биыл мұндай атаққа мұнайлы Атыраудың 16 жастағы бойжеткені Әлфия Ерсайын ие болып отыр. Sputnik Қазақстан тілшісі елдің түкпір-түкпірінен жиналған 30 қыздың арасынан топ жарып, басына тәж киген арумен әңгімелесіп қайтты.

- Әлфия, халық сізді Қазақстанның ең сұлу аруы деп таңдап отыр. Ал сіз қандай қыздарды әдемі деп санайсыз? Сіздің ойыңызша, сұлу қыздың бойында қандай қасиеттер болуы керек?

– Әрине, сұлу қыздың сырт келбеті мен ішкі жан-дүниесі үйлесім табуы керек. Көркіне ақылы сай, әдепті, инабатты-ибалы, адамгершілігі мол болғаны дұрыс. Мұндай қасиеттер менің бойымда бар деп ойлаймын. Өйткені "Қазақстан аруы" атанып отырғандықтан, бұл үлкен жауапкершілік. Әділ қазылар алқасы өне бойымнан осы қасиеттерді байқап, бағалады деп санаймын. 

- 10 балдық шкаламен өзіңіздің сұлулығыңызға баға беріп көріңізші. 

— Өзіме баға беру қиын. Менің бағамды әділ қазылар мен халық берді деп ойлаймын. Нәтижесін сіздер де көріп отырсыздар. Менің ойымша, әр адам өз-өзін жақсы көруі керек. Себебі бізді Алла жаратты, сондықтан өзін-өзі жан-жақты дамытып, білімге ұмтылуы тиіс. Өмірде барлық адам бірдей емес. Сол себепті адамды санмен бағалау, меніңше, қате. Әркімнің өз ерекшелігі бар. 

"Қазақстан аруы" Әлфия Ерсайын

- Байқауға қатысқан кезде, үміткерлер арасында сіз тамсанған, "мына қыз өте әдемі, ақылды екен, сол жеңетін шығар" деген қыздар болды ма?

— Қатысқан қыздардың барлығы тәжге лайық деп ойлаймын. Ең ерекше қыз осы деп біреуді жеке-дара атап өте алмаймын. Өйткені өзімді ешкіммен салыстырғым келмейді. Өзге адамға ұқсағым келмейді. 

- Қазақстанның ең сұлу аруы атанғаннан кейін, интернетке кіріп, халықтың ой-пікірлерін оқыдыңыз ба?

— Байқау финалынан кейін, интернетте мен туралы көп жаңалық шықты. Әсіресе, инстаграм мен фейсбукте көзіме түскен жаңалықтарды оқыдым. 

- Қазақстандықтардың реакциясы қандай болды?

— Биік жетістікке жеткен соң, жағымды-жағымсыз пікірлер қатар жүреді. Мені сынап-мінегендер өте көп болды, байқадым. Бірақ сын-пікірлерді мән беріп оқыған да жоқпын. Себебі мұның өзі маған берілген сынақ. Мен халықтың пікірі арқылы тәрбиеленемін. Оның үстіне, әр адамның өз ойы, көзқарасы бар. Олар да өздері қалаған қыздың тілеуін тілеп, жеңіске жеткенін қалады. 

- Өзіңіз туралы жазылған сөздерді көңіліңізге алған жоқсыз ба?

— Жоқ. Жаңа айтып өткенімдей, мен ондай сындарға аса қатты мән бермеймін. Мен үшін бұл жай айтылған сөз, еш қиналған жоқпын. Себебі мен өзіме сенімдімін, осы жеңіске лайық екенімді сезіндім. Әділ қазылар ғана емес, халық та бірге таңдады. 

- Сіз небәрі он алты жастасыз, ал бірақ Қазақстан аруы атанып үлгердіңіз. Неше жастан бастап "мисс" атануды армандадыңыз?

— Тоғызыншы сыныпты аяқтайтын кезде Атырау қаласындағы сән агенттігіне модель болып жұмысқа кірдім. Сән әлемінің қыр-сырын меңгеріп, өз-өзімді сахнада ұстау, жүру мәнерін үйрендім. Сөйтіп жүріп әлемдік деңгейге шығуды армандай бастадым. Осылайша "Атырау аруы" байқауында бақ сынадым. "Мисс Қазақстанға" келмес бұрын, "Атырау аруы" атандым. 

"Қазақстан аруы - 2018" байқауының жеңімпазы Әлфия Ерсайынды марапаттау сәті

- Ата-анаңыз сіздің шешіміңізге қарсы болған жоқ па?

— Қарсы болған жоқ, керісінше, мені қолдап, демеді. Арманымды мақсатқа айналдыруға көмектесті. 

- Сіз "Әлем аруы" байқауына жолдама алдыңыз. Байқау шарты бойынша онда бикинимен сахнаға шығу керек. Ата-анаңыз бұған қалай қарайды?

— Ата-анам қарсы емес, өйткені "купальникпен" көпшілік жүреді. Қазір заман басқа. Байқауда біз "купальникті" дене бітімді көрсету үшін ғана емес, әлемдік деңгейдегі атақты дизайнердің киім үлгісін жарнамалау үшін киеміз. Сондықтан мұны дизайнердің киімін жарыққа шығару деп қабылдаған жөн.

- Осыдан кейін отандастарыңыз сізді сынайтынын білесіз ғой. Дайынсыз ба оған?

— Әрине, дайынмын. Қазірден бастап сынды қабылдауға үйреніп жатырмын. 

- Өмірдегі ең бақытты және ең мұңды сәтіңізді еске түсіріңізші…

— Қазіргі сәт – менің бақытты кезім. Бақыт деген отбасым, ата-анамның қасымда болғаны. Олардың менің жетістігіме қуанып, сүйсінгені. Ал ең мұңды сәт туралы айту қиын. Өйткені мен өмірімде болған әр оқиғадан сабақ аламын. Ал өмірде әртүрлі жағдай болады. 

- Неден қатты қорқасың?

— Биіктік пен қараңғылықтан. Ал жалпы қорқыныш әр адамның бойында болады. Тек оны жеңе білу керек. 

- Отбасында неше ағайындысыздар?

— Үш ағайындымыз. Әпкем және ағам бар. 

- Жассыз, әдемісіз. Сезімін білдіретін жігіттер көп шығар… 

– Иә, баршылық. Бірақ мен оларға тек дос ретінде қараймын. Себебі менің қазіргі көздеген мақсатым басқа. Байқаудағы жеңісімнен кейін де жігіттер қауымынан көп хат келді. 

- Қасыңызда қандай жігіт болғанын қалар едіңіз? Мамандығы маңызды рөл ойнай ма сіз үшін?

— Мен, ең әуелі, адамның ішкі жан-дүниесіне мән беремін. Десек те сырт келбеті де маңызды, бірақ сырт келбеті қандай болса, ішкі дүниесі де сондай болады деп ойлаймын. Үлкендер мен қыздарға сыйластығы, достарының арасында өз-өзін ұстауы арқылы да танып-білуге болады. Әр бойжеткен жанындағы серігінің өзіне сай болғанын қалайды. Ал мамандығы мен үшін маңызды емес. Мұнайшы немесе жүргізуші болсын, бастысы өз ісінің маманы болса жеткілікті. 

- Сонда "таксист" жігіт те жүрегіңді жаулап алуы әбден мүмкін ғой…

— Әрине, өйткені ол да жұмыс. Мүмкін болашақта ол адам көлік айдағанды қойып, басқа жұмыспен айналысатын шығар. 

- Сүйікті ақын-жазушыңыз бар ма, олардың шығармалары несімен ұнайды?

– Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов. Айта берсем, көп. Бұл кісілердің өлеңдерін, шығармаларын оқып, ой түйемін. Әуезовтің "Абай жолын" оқып шықтым. Ең сүйікті кітабым – Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар". Өзім студент болғандықтан, бұл кітап маған ыстық. 

- Колледжді бітіргеннен кейінгі жоспарларыңыз қандай?

— Қазір мен дизайнер мамандығында оқып жатырмын, болашақта да осы іспен айналысқым келеді. Бұл мамандықты таңдауыма әжем мен анам себепкер болды. Екеуі де он саусағынан өнер тамған шебер жандар. Бала кезден солардың қасында жүріп, қызыға қарайтынмын. Сондай-ақ, қазір киноға, жарнамаға түсу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Бірақ мұның бәрін директорым шешеді, әзірге қандай жоба екені құпия қалсын.