Қоғам

Елбасы Астана көшелерінің атауына қатысты: кім болса, соның есімін беруді қойыңдар

Нұрсұлтан Назарбаев көшеге кім болса, соның есімін бергенше, нөмірмен атаған жөн екенін айтты
Sputnik

АСТАНА, 5 сәуір — Sputnik.  Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана көшелерінің атауын тәртіпке келтіруді тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысы Астананы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі отырыста айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Астана көшелерінің атауы адамды шатастырады. Бір жолдың әр учаскесі әр түрлі аталады.  Мысалы, Мұхамедханов, Сарайшық, Қошқарбаев – бұл бір көше. Орынбор, Сығанақ, Қалдаяқов – бұл да бір көше. Мұны кім жасаған? Пошта тасушы шатасады. Мен көше атауларын тәртіпке келтіруді тапсырып едім ғой. Көшеге есімі берілетін адамның қалаға, елге қатысы бар ма, жоқ па?!", — деген Нұрсұлтан Назарбаев қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевты орнынан көтерді. 

"Ономастикалық комиссияның құрамына еліміздегі белді ғалымдар, тарихшылар, зерттеушілердің бәрін тарттық. Сіз айтып отырғандай, негізгі басымдықтар…",  дей бергенде оның сөзін Елбасы бөліп жіберді.

Президент Шөкеев пен Досаевқа "үй тапсырмасын" берді

"Ономастикалық академиктер түк білмейді", — деді президент. 

"Рас, рас", — деп басын шұлғыды Аманшаев. 

"Олар не түсінеді? Қалада тұрып жатқан біз. Адам жоқ болатын болса, нөмір қой.  Он үшінші проспект жұмыс істеп жатыр ғой. Вашингтонда барлық көше нөмірмен аталады. Кім болса, соны қойғанша. Кейбіреуінің кім екенін де білмеймін", — деді мемлекет басшысы. 

"Енді адамдардың атын қоймайтын болдық. Былтырдан бастап адам есімдерін қоймаймыз. Бірінші басымдық — тәуелсіздік…", — деп түсіндірмек болды Аманшаев. 

"Астанаға қатысы жоқ адамдармен аталған көшелерді өзгертіңдер. Әрине, көше атауын қайта өзгерткен жақсы емес, адамдар тағы шатасады. Бірақ тәртіпке келтіріңдер. Көшені нөмірмен атасаңыздар да болды емес пе", — деп түйді сөзін президент.