АСТАНА, 4 сәуір — Sputnik. Жаңа "7-20-25" ипотекалық бағдарламасының нормаларын есепке ала отырып, "Нұрлы жер" бағдарламасына өзгеріс енгізіледі. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мемлекет басшысы жариялаған "Бес әлеуметтік бастаманы" іске асыру аясында осы айда жаңа "7-20-25" ипотекалық бағдарламасының нормаларын есепке ала отырып, "Нұрлы жер" бағдарламасына өзгеріс енгізіледі.
"Бұл механизм арқылы әрбір жұмыс істейтін адам несиеге пәтер сатып ала алады. Қазақстандықтардың көбінің тиімді шарттар арқылы баспана сатып алуға мүмкіндігі болады. Биылғы жылдың екінші жартысында барлық санаттағы азаматтар үшін алғашқы арзан ипотека беріледі", — деді министр.
Қазіргі уақытта жаңа бағдарламаны неғұрлым тиімді іске асыру үшін талаптарын жеңілдету бойынша Ұлттық банк заңнамаға бірқатар түзетулер дайындап жатыр.
Жалпы, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 11 миллион шаршы метрден асты.
"Нұрлы жер" бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде 100 мыңнан астам отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді.