Өңірлер

Қостанайда құдықтан табылған мәйіт ауыл тұрғындарын есеңгіретіп тастады

Нәрестені құдықтан су алуға барған шекарашылар тауып алған
Sputnik

АСТАНА, 4 сәуір — Sputnik. Қостанай облысының Федоров ауданындағы Кенерал елді мекенінде құдықтан шақалақтың мәйіті табылды. Ауыл әкімі Алма Байқадамова болған оқиғаны баяндай отырып, ашуға ерік берді, деп хабарлады Костанайские Новости.  

"Нәрестені құдықтан су алуға барған біздің шекарашылар тауып алды. Олар алдымен қуыршақ шығар деп ойлапты. Ал шелекті құдыққа екінші рет түсіргенде, қорқынышты затты іліп алған. Ол жаңа туған баланың мәйіті болып шықты. Біз учаскелік инспектормен бірге дереу сонда бардық, алайда жақын барып қарай алған жоқпын. Өте қорқынышты", — дейді ол. 

Астанада үйінді астынан әйел мен баланың мәйіті табылды
 

 Алма Жақпарқызы қазір бұл іспен полицейлер айналысып жатқанын атап өтті. Ең алдымен есепте тұрған жүкті әйелдерді тексеріп шығыпты. Күдікті ештеңе табылмаған.  

"Бізде ішімдікке салынып кеткен адамдар бар. Олар әйелдерін жиі ауыстырып, белгісіз әйелдерді әкеліп-әкетіп жатады. Қазір бәрін тексеріп жатыр. Тұрғындар есеңгіреп қалды, қорқынышты жайт ауыздан ауызға таралып кетті. Ауылда барлығы мың адам тұрады. Мұндай сұмдық болмаған. Өз балаңды қалай өлтіруге болады?!, –  деп ашуға булықты әкім әйел. –  Біз ескі заманның адамымыз, перзент сүю біз үшін өте қастерлі нәрсе болды. Ұят, ар дегеннің не екенін біліп өстік. Ал қазіргі жастар баланы өзім таптым, не істейтінімді өзім білемге салады, бұл менің жеке өмірім дейді… Алайда өзің туған екенсің, ол саған керек болмай қалған екен, өлтіргенше балалар үйіне берсейші…". 

Әкімнің айтуынша, нәрестенің мәйіті табылған құдық тұрғындардың денсаулығына қауіп төндірмейді. Одан шекарашылар суды итін суғару үшін алған. Өздеріне бөтелкедегі суды әкеп беретін көрінеді.